Сонымен қатар мемлекет қаржысын балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсау керек деп есептейді
Футбол клубтарын мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату қажет. Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның айтуынша, гол салмайтын футболшыларға миллиардтар шашудың қажеті жоқ. Депутат Премьер-лигадағы 370 футболшының 150 легионерлер деген дерек келтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оған бірінші лигадағы 16 футболшыны қосса, барлығы 166 легионер болады екен. Сондықтан футбол клубтарын жекешелендіріп, мемлекеттен қаржыландыруды тоқтатуды ұсынды. Сонымен қатар мемлекет қаржысын балалар мен жасөспірімдер мектептеріне, футбол мектептерін дамытуға, балалар бапкерлерін дайындауға жұмсау керек деп есептейді.
«Үш күн бұрын футболдан әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан командасының Франциядан 8:0 болып, футбол тарихындағы масқара есеппен жеңілуі елдің қатты наразылығын тудырды. Баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына 71 млрд теңге жұмсалғаны, тек «Астана» клубының өзіне 15 млрд теңге бөлінгені жарыса жазылуда. Бірақ нәтиже қайда?! «Футбол федерациясының бас хатшысы біз бюджеттен қаражат алмаймыз, 200 млн теңге ғана алдық» деп жауап берді. Ал жеңілістің себебі жақсы футболшылардың тапшылығы дейді. Федерация бюджеттен көп қаржы алмаймыз дейді, бірақ миллиардтарды осы федерацияға кіретін кәсіпқой клубтар облыс әкімдіктері арқылы алуда»,– дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.