Медеу спорт кешенінде конькиден жүгіруден республикалық кубок 20 - 21 ақпанда өтеді
Алматыда конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионатының ақтық кезеңі өтті. Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 100-ге жуық спортшы бірнеше қашықтықта бақ сынасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан кубогі осымен үшінші жыл қатарынан Алматыдағы Медеу мұз айдынында өтіп жатыр. Алты өңірден келген 100-ден аса спортшы жас ерекшеліктеріне қарай 500 метрден 3 мың метрге дейінгі қашықтықта бақтарын сынады.
"Еліміздегі барлық мықты спортшылар қатысып жатыр. Кеше ауа райы да, мұздың да сапасы ойдағыдай болмады. Бүгін күн шығып, мұздың да сапасы жақсы", – деді ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Кенжеш Сәрсекенова.
Қысқы спорт түрінде жылдамдық сыналады. Мұз бетінде ұшқан желдей жүйтку үшін әрбір қозғалыста дәлдік пен шеберлік, жылдамдық пен асқан төзімділік қажет. Бұл жерде физикалық күш қана емес, тактика да маңызды.
Конькимен жүгіру – асқан шапшаңдық пен ептілікті талап ететін спорт түрі. Онда секундтың жүзден бір бөлігі де шешуші рөл атқарады. Бұл жерде спортшылар арнайы костюм киіп, аэродинамиканы сақтайды, ал конькилер өте жұқа өйткені мұзда шапшаң жүгіріп өту керек.
"Кеше ауа райы суық әрі тұман болған. Жүгіру қиынға соқты, ал бүгін күн шығып тұр, жел де қатты емес. 3000 метрді қобалжусыз өттім, сөреге еркін жеттім. Ойдағыдай жүгіріп шықтым. Бірінші орын алдым", – деді спортшы Еңлік Жәрдембекқызы.
Чемпиондар мен жүлдегерлер халықаралық жарыстарға, әлем кубоктары мен Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алады.
"Турниріміз осымен аяқталды. Нәтижесі керемет, бізді қуантты. Алда топтық жарыс бар. Бұл осы спорт түрін дәріптеп, спортшыларды қолдау үшін жақсы –мүмкіндік. Оларға жаттығатын алаңды көбейту керек", – деді Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Людмила Прокашева.
Айта кетейік, Медеу спорт кешенінің аумағында конькиден жүгіру спортының құрама командалары арасындағы республикалық кубок 20 - 21 ақпанда өтеді.
Әйкерім Пернебек, Медет Саматұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда ескі автокөліктердің қозғалысы шектелуі мүмкін