Странджа турнирінде еліміздің 4 боксшысы жартылай финалға өтті

Bogdan Yukhymchuk / Unsplash
Bogdan Yukhymchuk / Unsplash

Сондай-ақ тағы екі боксшы жарысты ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Болгарияда өтіп жатқан «Странджа» турнирінде Қазақстан ұлттық құрамасының төрт боксшысы жартылай финалға шықты. Сондай-ақ тағы екі боксшы жарысты ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

48 келіде Теміртас Жүсіпов пен 51 келіде Даниал Сәбит, 63,5 келіде Ертуған Зейнуллин мен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жартылай финалға шыққаны белгілі болды.

Ширек финалда жұдырықтасқан Теміртас әзірбайжандық Субхан Мамедовті 4:1 есебімен жеңсе, Даниал Сәбит грузиялық Давит Джапаридзені 5:0 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ, ол қарсыласын үшінші раундта бір рет нокдаунға түсірді.

«Ертуған Зейнулин ширек финалда әзірбайжандық Руслан Рустамовты жеңіп, 4:1 есебімен өз шеберлігін көрсетті. Ал Мұхаммедсабыр ширек финалда ирландиялық Джейсон Невинге өзінің мықтылығын толық мойындатты. Бұл кездесуде төрешілер 5:0 есебімен жеңісті отандасымызға берді», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 60 келіге дейінгі салмақта Талғат Сырымбетов болгар боксшысы Тинко Банабаковтан басым түсті. Басынан ауыр жарақат алған қарсыласы екінші раундта кездесуден бас тартқан.

Павлодарлық Серік Теміржанов (60 кг) турнир барысында ирландиялық боксшы Риз Оуэнстен айласын асырып, 5:0 ұпайымен келесі кезеңге жолдама алды.

Бұған дейін 48 келіде Санжар Тәшкенбай жарақатына байланысты бірінші кездесуде жекпе-жекті тоқтатқан болатын. Сондай-ақ, Махмұд Сабырхан (54 келі) дәрігер шешімімен Странджа халықаралық турнирі аясындағы бүгінгі жекпе жегіне шықпайтыны айтылды.

Оқи отырыңыз: Странджа кубогі-2025: Нұрбек Оралбай техникалық нокаутпен жеңіске жетті

Новости партнеров