Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда бұқаралық футболды дамытуға ерекше мән беру керек екенін қадап айтты
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда бұқаралық футболды дамытуға ерекше мән беріп, алдағы екі жыл ішінде әрбір облыс, аудан орталықтарында, кенттер мен ауылдарда балаларға арналған футбол алаңдары салынуы тиіс екенін қадап айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президенттің айтуынша, бұл тек спортты дамыту емес, сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы әлеуметтік мәселелерді шешудегі маңызды қадам болмақ. Спорт сарапшысы Диас Ахметшәріптің пікірінше, елімізде табысты футбол жүйесін қалыптастыру үшін ең алдымен, балалар мен жасөспірімдер футболына баса назар аудару қажет. Елімізде инфрақұрылымды жетілдіру керек. Осы мәселеге ерекше ден қойсақ, болашақта Қазақстан әлемдік ареналарда атой салатын жаңа жұлдыздарды тәрбиелей алады.
«Балалар футболын дамытуымыз керек. Өкінішке қарай, қазіргі таңда инфрақұрылым мәселесі үлкен мәселе туғызуда. 30 жылдың ішінде бізде тек екі-ақ стадион салынғанын білесіздер. Қазіргі таңда сол стадиондардың салыну жұмысы қолға алынуда. 2029-2030 жылға дейін еліміздің көптеген облыс өңірлерінде, ірі-ірі қалаларында стадиондар бой көтереді, – деді спорт сарапшысы Диас Ахметшәріп.
Президент елдегі клубтық футболды коммерцияландыруды тапсырды. Бұл бастама командалардың облыстық бюджетке тәуелділігін жойып, өз бетінше табыс табуына жол ашпақ. Алайда спорт сарапшысы Диас Ахметшәріп бұл үдерістің бірден жүзеге аса қоймайтынын, оған уақыт пен мұқият дайындық керек екенін алға тартты. Оның пікірінше, футболдың кәсіпкерлер үшін тартымды болуы – ең басты шарт. Ол үшін ойын сапасын көтеру, төрешілік әділдігін қамтамасыз ету және бизнеске жеңілдіктер қарастыру қажет. Сарапшының болжамынша, бұл өзгерістер толыққанды жүзеге асу үшін кемінде 2–3 жыл уақыт қажет.
«Бізде қалыптасқан «спорт – тегін» деен қағида бар. Бірақ дүниежүзілік практикаға жүгінсек, жоғарғы жетістікке жеткен спорт жеке бизнестің арқасында дамып келеді. Еуропа, Англия, Беларусь елдері мемлекет тарапынан 15-20 спорт түрін ғана қаржыландырады. Сондықтан жеңілдіктер жасасақ, қызықтырсақ бизнес спортқа келуі мүмкін», – деді Диас Ахметшәріп.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық могулшылар әлем чемпионатында екі мәрте үздік ондыққа енді