Алматыда Армениядан әкелген көлікке алғаш рет тіркеу нөмірі берілді

Алматыда Армениядан әкелген көлікке алғаш рет тіркеу нөмірі берілді
2020 жылдың 1 ақпанынан кейін жеткізілген көлік құралдарын тіркеуге рұқсат етілмейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы арнайы ХҚКО-да Армениядан әкелген көлікке алғашқы тіркеу нөмірі берілді, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда Армениядан әкелінген көліктерді алғашқы болып 47 жастағы алматылық жүргізуші Хосров Гасанов тіркеді.

«Мен Хюндай Гранд Старекс автокөлігін Армения Республикасынан 2019 жылдың қараша айында алып келген болатынмын. Содан бері көлігімді заңдастыру жайында ойланбаған күнім болған жоқ: алаңдап, түрлі күйді бастан өткердім, тыныш айдай да алмадым. Енді бізге бүгінгідей мүмкіндік беріп отырған мемлекетке рахмет. Міне, бүгін 15 минут ішінде көлігімді тіркеп берді.  Мемлекеттік баж салығын, яғни 11 мың 946 теңге төледім.  Енді заңды түрде, еш алаңсыз жүре алатын болдым», - дейді Хосров Гасанов.

Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қаулысы («Қазақстанға әкелудің және Қазақстан азаматтарының Арменияда тіркелген жеке көлік құралдарын пайдаланудың кейбір мәселелері туралы») бойынша Қазақстан азаматтарының Армениядан әкелінген автокөліктерін 2020 жылдың 1 ақпанына дейін тіркеуге мүмкіндік берілген болатын.

«Үкімет қазақстандық азаматтар үшін 2020 жылдың 1 ақпанына дейін Армениядан әкелген автокөліктерді тіркеу туралы шешім қабылдады. Екіншіден, тіркеуді осы жылдың 1 маусымы мен 1 қыркүйегі аралығында жүргізу туралы қаулы шықты. Үшіншіден, тек сол жақтан басқарылатын автокөліктер тіркеуге жатады. Төртіншіден, үш төлеммен шектеу туралы шешім қабылданды: тіркеу жарнасы – 695 теңге, тіркеу куәлігі үшін төлем – 3 мың 473 теңге және МТНБ үшін алым – 7 мың 778 теңге.  Төлемдердің жалпы сомасы 11 мың 946 теңгені құрайды. Қазақстан Республикасына 2020 жылдың 1 ақпанынан кейін әкелінген көлік құралдарын тіркеуге рұқсат етілмейді.  Сонымен қатар, Армения Республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжаттарында меншік иесі ретінде көрсетілмеген адамдарға тіркеу жүргізілмейді», - деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұратәлиев.

Новости партнеров