«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Алматы қалалық филиалы жаңадан төселген жол құрылысы нысандарын тексеріп, ақауларды анықтады. Талапқа сай болмаған жол қайта төселді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол сапасын бақылайтын мекеме қалада жаңадан салынған жол нысанын сол ауданның әкімдігімен жасалған келісімшарт негізінде тексереді. Жол қабатын төсеу кезінде құрылыс материалдарының сапасын, жол салу технологиясын жіті бақылау – Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының жұмысы. Одан бөлек, жол жабыны төселіп болған соң мекеме қызметкерлері керн сынамаларын алып, оны зертханада тексереді.
Алматы қаласында Құлжа тас жолы мен Бұқтырма көшесінің қиылысында жаңадан салынған жолайрықтағы асфальт қабатынан керн сынамасын алған орталық мамандары ақау анықтаған. Нақтырақ айтқанда, жол қабатының қалыңдығы талапқа сай болмай шыққан. Тексерілген нысанда сынама алған маман Мейіржан Мырзахметтің айтуынша, ақау анықталған соң тапсырыс берушіге, яғни әкімдікке тиісті хат жолданған.
«Керн сынамаларын алған соң тиісті құжаттарды толтырып, зертханаға жөнелттік. Онда керн үлгілерінің тығыздығы, сусіңіргіштігі, беріктігі сыналады. Бұқтырма көшесі мен Құлжа тас жолындағы жолайрықтағы асфальт қабаты талапқа сай болмай шықты. Нәтижесін алған соң әкімдікке жібердік. Ал жолды салған мердігер компания өз есебінен 137 шаршы метр жердің асфальт қабатын қайта төсеп шықты» - дейді филиал қызметкері.
Мамандар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарындағы және елді мекендер мен қала көшелеріндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама, көпшілік пайдаланатын автомобиль жолдарын орташаға жөндеуге ведомстволық сараптама да жүргізеді. Ал бұл сараптама тапсырыс берушінің өтініші бойынша бағалау әрекеті мен қорытынды жүйесі болып табылады.
Оқи отырыңыз: Абай даңғылын орташа жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды