Жаңа жыл қарсаңында әуе рейсінде билетінің күші жойылған жолаушылар үшін барлық бағыттар бойынша қосымша вагондар қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал алдағы дүйсенбі, яғни желтоқсанның 30-ы күні Нұр-Сұлтаннан Алматы бағытында қатынайтын жаңа бір реттік пойыз іске қосылмақ. Мұндай ақпарды «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының ресми өкілі Диас Ахметшәріп беріп отыр.
«Ол жерде тек жаңа вагондар болады. Біздің Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан «Тұлпар» вагон құрастыру зауытында жасалған, Ресей технологиясына сай. Сол себепті бір реттік пойызды іске қосып отырмыз. Ол пойыз Алматыға барғаннан кейін Алматы-Маңғыстау бағыты бойынша тұрақты түрде қатынайтын болады. Сонымен қатар, мына Жаңа жылдық мерекелердің алдында біз Қазақстандағы барша бағыттар бойынша 500-ге жуық қосымша вагонды тіркейін деп отырмыз», - деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ ресми өкілі Диас АХМЕТШӘРІП.