Бұдан былай бөліп тасымалдауға келмейтін ауыр жүкпен ұзақ жолға шығатын жүргізуші арнайы рұқсат алуы мүмкін. Себебі, жер астындағы электронды таразы артық салмақты бірден біліп қояды. Сондықтан, ережені елең қылмай, заң бұзған мекеме немесе компания 2 жарым миллион теңгеге дейін айыппұл төлейді, дейді Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде таң атқаннан күн батқанша тонналап тауар тиеген жүк көліктері түгел тексерілді. Артқан жүгі мен тауарларының құжаты қатаң қадағаланды. Әйтсе де 12 жылдан бері жүк тасымалдап келе жатқан Жанболат Убай бүгін бірінші рет айыппұл арқалап отырғанын айтады.
Белгілі бір мекемеге су тасушы жігіт өзінің қалайша 6 тонна артық жүк тиеп алғанына аң-таң. Оған мамандар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 571-бабының 6-тармағына сәйкес, сіздің жүгіңіз 22 тоннадан асып кеткен, ал сізге 16 тоннаға дейін ғана рұқсат» депті.
Күнінен кем дегенде әр бекет 30 көлікті тексеріп үлгереді екен. Оның 10 шақтысына хаттама толтыруға тура келеді дейді көліктерді бақылау инспекциясының мамандары. Бұдан былай бөлшектеп тасуға келмейтін тауарлар үшін жолға шығар алдында арнайы рұқсат алу керек. Ол үшін электронды үкімет порталы арқылы өтініш жіберуге де болады.
«Өтініште көліктің, оған артылған жүктің салмағы мен бағыты, қанша шақырым жол екені бәрі көрсетілген. Мамандар соны арнайы формулаға салып есептеп, тасымалдаушыға портал арқылы есебін береді. Егер жүргізуші төлейтін ақысына келіссе, бір күннің ішінде маман рұқсат береді», – дейді Алматы қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Хамитбек ПЕТРАЛИЕВ.
Бұдан-былай жүк көліктері артық салмақтағы жүк тасымалдай алмайды. Себебі тонналап тауар тасымалдайтын КАМАЗ-дардың салмағын қадағалайтын 12 арнайы жол асты таразысы орнатылған. Алдағы уақытта еліміз бойынша мұндай техниканың 72-сі іске қосылуы мүмкін. Автоматтандырылған құрылғы осы саладағы сыбайлас жемқорлықты жоятын бірден-бір бастама болса керек. Бұл аз болса, төте жолмен өтіп кететін КАМАЗ-дардың бағытын бақылайтын камера орнатылмақ.
«Егер таразыдан жаңағы автокөлік айналып өткен жағдай болса, камера оның таразыға түспегені туралы сигнал береді. Заңда өзгерістер енуі керек. Егер айналып өткен жағдайда, үйіне әкімшілік құқық бұзғаны үшін айыппұл келіп отырады», – дейді Алматы қаласы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Хамитбек ПЕТРАЛИЕВ.
Аса ауыр жүкті тиген жүргізушінің алдын-ала рұқсат алуы маңызды дейді мамандар. Өйткені, қаланың ішіндегі көпірлерді бекітетін арнайы құрылғылар қойылады екен. Сондықтан ешкімнен рұқсат алмастан жолға шығу өңірдің тұрғындары үшін де аса қауіпті.
«Егер осы тәртіпке бағынсақ, жолдар ұзақ уақытқа жарайды. Өйткені, жолдар аса ауыр салмаққа есептелмеген ғой. Жалпы салмақ 40 тоннадан аспауы керек, яғни, бір дөңгелекке 10 тоннадан деген өзінің шектеуі бар», – дейді «Қазавтожол» ҰҚ АҚ Басқарма төрағасы Ұлан ӘЛІПОВ.
Ал, бір ғана Алматының ішінде жыл басынан бері 200-ден астам ауыр жүк көліктері заң талаптарын бұзған. Былтыр бұл көрсеткіш 900-ден асып жығылған. Биылдан бастап ондай заңсыздық үшін тұлғаларға 100 мың теңге, ал заңды тұлғаларға 2 жарым миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Әйкерім Ердәулетқызы, Нұржан Оразбеков «Алматы» телеарнасы.