4 пайыздық автонесиеге 15 миллион теңгенің көлігін алуға болады. Осылай деген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеңілдетілген автокредиттің шекті сомасы 10 миллион болса да, одан қымбат көлік алуға болатынын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алайда 10 миллионнан қалған бөлігін өзіңіз қолма-қол төлейсіз деді. Ал вице-министр Марат Қарабаевтың айтуынша, несиені рәсімдегеннен кейін қажетті көлік болмай қалса, күтуге тура келеді.
«Пандемия кезінде кезектегі адамдардың саны көбейді. Сол себепті 6-дан 8 айға дейін күтуге тура келді. Қазір осы мерзім айтарлықтай қысқарды. Сосын көліктің үлгісі, комплектация мен көліктің түсі бар. Соған қарай бір көлік түрін таңдасаңыз, күтуге тура келеді», – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев.
Сонымен қатар, министр еліміздегі тұрғын үй бағасына қатысты түсінік берді. Қайырбек Өскенбаевтің мәлімдеуінше, тұрғын үй бағасы төл теңгенің нарықтағы жағдайына да байланысты. Теңге тұрақсызданса тұрғындар табысын жылжымайтын мүлікке салып жатады. Сондықтан нақты бір болжам айту ерте деді.
«Дәл қазір тұрғын үй бағасына қатысты болжам жасау қиын. Өткен жылы бұған зейнетақы қорындағы жинақты қолдану мүмкіндігі әсер етті. Сәйкесінше, сұраныс бірнеше есеге артты. Биыл да байқағанымыздай, тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Біздің есепке сәйкес елімізде жыл сайын шамамен 330 мың пәтер пайдалануға беріледі. Сол кезде баға да тұрақталады деген ойдамыз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.