Shymkent Bus автобус паркінен шыққан дау немен аяқталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жанайқайынан кейін қала әкімі жағдайдың бақылауда болатынына сендірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Шымкент BUS» автобус паркінен шыққан шу ақыры шешімін тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жалақыға көңілі толмаған наразы жүргізушілердің айлығы көтерілетін болды. Еске салайық, күні кеше үшінші мегаполистегі қоғамдық көлік жүргізушілері бас көтерген еді. Ашынған топтың ашуын басуға тіпті қала әкімі де келді. Алайда қос тарап бірін-бірі түсіне алмай біраз текетірескен болатын.

Жұмысқа шықпаймыз деп бас көтерген қоғамдық көлік жүргізушілері ақыры қала әкімімен кездесті. Түркістан сарайында бас қосқан тараптар қатарында қалалық еңбек инспекциясы басқармасы, кәсіподақ ұйымының өкілдері мен көлік компаниясының басшылары да бар. Олар бекіткен айлық мөлшерін өздерінше түсіндіруге тырысты.

«2019-2020 жылдың қарашасына дейін 730 теңге сағатына төленді. Ол көрсеткіш  кейін 860 болып өзгерді», – деді «Шымкент BUS» компаниясының есепшісі Қарлығаш Қолдасбекова.

Компания өкілінің айтуынша автобустың әр жүргізушісі жұмыс істеген сағатына 730 теңге алып отырған. Ал, былтыр қарашадан бастап бұл көрсеткіш 860 теңгеге, ақпанда 1100 теңгеге жетіпті. Осылай деген компания есепшісі 12 сағат жұмыс істеген әр жүргізушінің айлығы 199800 теңгеге өскенін айтады. Ал, әр жүргізуші айына 15 күн жұмысқа шығады.

Дүрдараз болған топтардың жанайқайына қала әкімі де куә болды. Сөзінше шу қызметкерлер мен басшылықтың бір-бірін түсінбеуінен шыққан. Осыдан кейін компания басшысы қол астындағы жұмыскерлерінен кешірім сұрады.

«Уақытша ыңғайсыздықтар үшін барлығынан кешірім  сұраймыз. Жоспар 21 мың теңге. Алайда 45 маршруттың жүргізушісі барлық түскен ақшаны үйіне алып кетті», – деді «Шымкент BUS» компаниясының басшысы Азат Қайыпбеков.

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жанайқайынан кейін қала әкімі жағдайдың бақылауда болатынына сендірді және мәселе түйіні тарқағанша орынбасары Мақсұт Исаховқа назарда ұстауды тапсырды.

«Мен барлығыңызға ашықпын. Осында еңбек инспекциясы, депутаттар, кәсіподақ отыр», – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Новости партнеров