Бұдан былай ауыр жүк көліктерінің бірде-бірі артық салмақпен жүк тасымалдай алмайды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде тонналап тауар тасымалдайтын көліктердің салмағын қадағалайтын арнайы жоласты таразылар орнатылған. Автоматтандырылыған құрылғы сыбайлас жемқорлықты жоятын бірден-бір бастама дейді көліктік бақылау инспекциясының мамандары.
Әзірге бұл пилоттық жоба Мәжілістің тыңдалымында екен. Мақұлданса, жарты жылдықта ақылды техниканың санын арттыру көзделіп отыр.
«Қазіргі таңда қашықтықтан өлшейтін 12 құрал орнатып жатырмыз. Олар сынақтан өтуде. Алдағы 2-3 жыл ішінде республика аумағында 72-сін қоямыз. Барлығы да қалаларға кіретін жолдарда орнатылатын болады», - дейді «Алматы қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» РММ басшысы Руслан БЕКСЕЙІТОВ.
Ал, бір ғана Алматының ішінде жыл басынан бері ауыр жүк көліктерінің 200-ден астам жүргізушісіне заң талаптарын бұзған үшін айыппұл салыныпты. Былтыр бұл көрсеткіш 900-ден асқан екен. Үздіксіз тексеріс әуелі жолаушылардың қауіпсіздігі үшін, кейіннен автожолдардың бұзылмауы үшін жасалатынын алға тартады инспекция мамандары. Әсіресе, қазіргі көктем мезгілінде қадағалау күшейеді. Өйткені, күннің жылынуына байланысты тас жолдың беті жұмсара түсетіні тағы бар.
Бұдан бөлек, халықаралық бағытта қатынайтын автобустардың заңсыз әрекеттерін тыю үшін тілмаштарға дейін жұмыла жұмысқа тартылуда. Әсіресе, Қытайдан Алматыға қарай жолаушылар мен тауар тасымалдайтын жүргізушілер қазақша түсінбейміз деген сылтау айтпайтындай болды дейді мамандар.
«Бұрын олар тілдеріңді түсінбейміз деп талаптарымызды орындамайтын. Қазір жанымызға тілмаш алып аламыз, бәрін түсіндіріп береді. Шетелдік жүргізушілер көп жағдайда маршруттан ауытқиды, жолаушыларының тізімі болмайды, артық жүк тиеп алады. Жолаушыларды вокзалдан алуға міндетті болса да ол міндетін орындамайды», - дейді Руслан БЕКСЕЙІТОВ.