Нұр-Сұлтан мен Алматы арасын жалғайтын автожолдың құрылысы 60 пайызға аяқталды. Ол туралы «Қазавтожол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов айтты. Енді екі жылдан соң мың шақырымнан асатын тасжолдың жұрт игілігін көрмек. Алып құрылыс қалай жүргізіліп жатыр? Белгіленген мерзімде пайдалануға беріле ме? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек елордадан Алматыға дейін салынып жатқан жолдың сапасын өз көзімен көріп қайтқан еді. Бейнематериалын тамашалайық.
Еліміздің екі алып шаһарын байланыстыратын күре жолдың сапасына көлік жүргізушілерінің тарапынан көп сын айталатын еді. Түйткілдің түйіні 2019 жылы тарқатыла бастады. Үкімет «Оңтүстік-Орталық» дәлізі жобасын жүзеге асыруға кірісті. Алдымен «Нұр-Сұлтан-Теміртау, «Алматы-Қапшағай»» бағыттары салынып, пайдалануға берілді. Қарағанды аумағында 48 шақырым солтүстік-шығыс айналма жолы салынып, транзиттік көліктер шаһарды сырт айналып өтетін болды. Оған республикалық бюджеттен 35 миллиард теңге жұмсалды.
«Бұрын мына жол барлығы қалаға кірді, қаланың ішімен өтетін. Ал, қазір қалаға кіріп керек емес, бірден Шығыс айналма жолмен кіреді. Осы жолмен Павлодарға және астанаға баруға болады», – деді Қарағандыдағы «Солтүстік-Шығыс айналма жолы» жобасының үйлестірушісі Али Четкин.
«Оңтүстік-Орталық» дәлізі 6 аумақтан тұрады. Бұл «Қарағанды-Балқаш», «Балқаш-Бурылбайтал», «Меркі-Бурылбайтал», «Бурылбайтал-Құрты» және «Құрты-Қапшағай» трассаларын жалғайтын учаскелер. Қазіргі таңда құрылыс барлық бөлігінде қарқын алған.
Бұл – «Алматы-Екатеринбург» тасжолы. Дәл қазір біз «Балқаш-Қарағанды» бөлігінде тұрмыз. Бұл жерде де жол төсеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Дәл бүгінде 60 шақырым жол төселген. Жұмыстарды келесі жылы аяқтау жоспарлануда. Айта кетейік, бұған дейін жолдың жалпақтығы, яғни кеңдігі 9 метр ғана болса, енді бұдан былай 18 метр болады...
Жалпы «Қарағанды-Балқаш» учаскесінің ұзындығы 363 шақырым. Жұмыстар толығымен аяқталған соң жол 1-санатқа жатқызылады.
Ал, дәл қазір біз «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің «Балқаш-Бурылбайтал» бөлігінде тұрмыз. Бұл жерде жолдың жалпы ұзындығы 288 шақырымды құрайды. Бүгінде жолдың 120 шақырымына төменгі бөлігі төселген. Жалпы құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады деп жоспарланған. Дәл қазір біз тұрған учаскенің 41 шақырымында Қытай компаниясы жұмыс жүргізіп жатыр және оны құрамында 300-ден астам Қазақстан азаматы еңбек етуде.
«Біз салып жатқан жол 4 қабаттан тұрады. Бірінші қабатының қалыңдығы 13, екіншісі 12, одан кейін 10, ал төртінші қабаты 5 сантиметр. Сапасына екі жыл кепілдік береміз. Осы кезге дейін Шымкентте автобан құрылысын жүргіздік. Қазақстаннан бөлек, Африкада және Оңтүстік Азияда жол салдық. Бір сөзбен, тәжірибеміз мол», – деді мердігер компанияның өкілі Чжен Ванлу.
«Биыл «Балқаш-Бурылбайтал» бағытында үш учаскені пайдалануға береміз деген жоспарымыз бар. Бүгінгі таңда 120 шақырымның бір бағытына жол төселді. Құрылыс халықаралық стандартқа сай жүргізіліп жатыр. Әр аймақтың климатына байланысты технология қолданылады», – деді «Балқаш-Бурылбайтал» жобасының жетекшісі Серік Имашев.
Ал, біздің келесі бетке алған бағытымыз - «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің «Меркі-Бурылбайтал» жолы. Аталған учаскедегі құрылыс келесі жылы толықтай аяқталады. Бүгінде темір жол арқылы өтетін көпір мен жол айрықтардың құрылысы жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр.
«Бұл – Шу қаласының маңы. Шу айналма жолының ұзындығы 32 шақырым болады. Құрылысы 2019 жылы басталды. «Меркі-Бурылбайтал» арақашықтығы 262 шақырым. Жобаны жүзеге асыруға 89 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде екі компания құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бір компания жұмыстың 70, ал екінші компания 50%-ін аяқтады», – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Айжан Туғанова.
«Бүгінгі таңда жұмыстың 60 пайызы орындалды. Мердігер компаниялар екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Тәулігіне 5-7 шақырымға асфальт төселеді. Осы «Орталық-Оңтүстік» дәлізінің бойында 10 шақты жолайрық, мал өтетін 55 өткел, 10-ға жуық көпір салынып жатыр. Құрылыста 24 учаске, 19 құрылыс базасы, 22 асфальт-бетон зауыты, өздерінің зертханалары бар. Яғни, жол ұзақ жыл қызмет ету үшін өзіміздің отандық материалдар қолданылады», – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов.
Сондай-ақ, тасжол бойындағы инфрақұрылымды жақсартуға да ерекше мән берілуде. Әрбір 50-60 шақырым сайын жылы әрі жайлы әжетхана мен жолаушыларға арналған демалыс орындары салынуда. Айта кетейік, жұмыстар толығымен аяқталған соң дәліз ақылы болады. Сонымен сапар барысында сапалы жұмысқа куә болдық. Жолаушылар мен тауар тасымалданатын тақтайдай жол төселіп жатқанына қуандық. Тоғыз жолдың торабындағы ауылдар тынысы ашылатыны және анық.
Асылбек Тойбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы