2021 жылы Алматыға туристер тарту бағытында қандай жұмыстар атқарылды

Виктор Глуценко
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі / пресс-служба акима Алматы
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі / пресс-служба акима Алматы
Мегаполисте туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қазақстандықтар үшін де, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар үшін де тартымды қала болып қала бермек, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан Республикасында туризмді дамыту – басым бағыттардың бірі. Жылдан жылға саладағы жағдайды жақсарту шаралары қабылдануда.

Туризм саласына құйылған инвестиция көлемі бойынша Алматы Түркістан облысынан кейін екінші орында (80,8 млрд теңгеге қарсы 14,9 млрд теңге) болғанымен, осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мегаполис қызмет көрсетуде көшбасшы болды.

Қала шетелдік туристер үшін де ең тартымды қала болып қала береді. 2021 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 54,2 мың шетелдікке қызмет көрсетілді.

Жалпы, Қазақстан Республикасы бойынша осы жылдың қаңтар-маусым айларында орналастыру бойынша көрсетілген қызмет көлемі 44,6 млрд теңгені құрады. Алматы (11,2 млрд теңге), Нұр-Сұлтан (8,3 млрд теңге) және Ақмола облысы (4,5 млрд теңге) көш бастады.

Мегаполис әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы өзінің парақшасында Алматы тауларында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау-құтқару пункттерінің ашылатынын және тау соқпақтарын абаттандыру жұмыстарының жалғасатынын хабарлады.

Оның айтуынша, Алматының тау кластерін дамыту аясында 1 мың шақырымнан астам тау бағыттары цифрландырылды, оның ішінде жалпы ұзындығы 500 шақырым болатын 36 бағыт  абаттандырылды.

«Шымбұлақ» ТК визин-орталықтарының базасындағы және «Медеудің» базалық стансасындағы тау беткейлерінде сақтық ережелерін күшейту үшін тауға шығар алдында тұрақты түрде  нұсқаулықтар өткізіледі, экскурсия жүргізетін кәсіби гидтармен бірге саяхаттар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ Алматы тауларында туристердің қауіпсіздігі үшін үйшіктер орнатылады. Бұл Алматының тау кластерінің туристік әлеуетін дамытуда ең бастысы туристер мен альпинистердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін керек. Ол жерге туристер қолайсыз ауа райы кезінде паналай алады. Ғимарат ішінде дәрі салынған ыдыстар, азық-түліктер мен СОС батырмасы бар. Сонымен қатар, телефонды қуаттайтын орын да қарастырылған

«Қызғылт сары түсті модульдердің іші жылыту пеші, апаттық жағдайда қажет жинақпен жабдықталған. Ішінде алғашқы көмек көрсету жинағы, маршрут картасы, мобильді құрылғыны қуаттау стансасы, жылы көрпе мен азық-түлік жиынтығы бар. Шатырда SOS спутниктік сигналын құтқарушылар пультіне жіберетін дабыл түймелері бар радиорелелік діңгектер орнатылған», – деді Б. Сағынтаев.

Табиғатқа тамсанып, таза ауаны жаны сүйетіндерге әкімдік тарапынан жағдай жасалып жатыр. Соңғы 4 жылда 1000 шақырымнан астам таулы бағыттар цифрландырылған.

«Біз байланыс операторларымен былай келістік: әкімдік электр сымдарын жүргізіп, байланыс стансасын орнатады. Осылайша, тау туристері кез келген жерде ғаламторға кіре алатын болады. Бұл алдымен ондағы адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырған жұмыс. Алматының тауына келген жан адасып қалмай, ойындағыдай демалып қайтуы үшін жағдай жасауымыз керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Мегаполис басшысы таудағы қауіпсіздікті басты назарға алу керек екенін айтады. Жауапты басқарма басшысы бұл бағытта бірқатар жұмыстың атқарылып жатқанын айтты.

Туристік компания өкілдері туристер үшін мұндай жағдай жасалып жатқаны жанымызға жақты дейді. Енді тауға шығатындар саны бұрынғыдан да артады деп болжап отыр.

Аталған жаңашылдық тау туристерін қуантқаны сөзсіз. Енді әлгі ғимараттарды қаз қалпында сақтау адамдардың жауапкершілігінде дейді қала билігі. Қалай болғанда да шыңды бағындырғысы келетіндер үшін қауіпсіздік мәселесі қолға алынғаны көптің көңілінен шықты.

«Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына жыл сайын 800 мыңнан астам әуесқой турист келеді. Олардың 60 пайызға жуығы қыс мезгілінде келеді.

Мұнда туристер саны жылдан жылға артып келеді. Өйткені, «Шымбұлақ» Іле Алатауының көркем шатқалында теңіз деңгейінен 2000 метрден астам биіктікте және қала орталығынан небәрі 15 минуттық жерде орналасқан. Бұл сонымен қатар алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті орындарының бірі.

Тәуелсіздік күні Алматыда «Медеу» туристер орталығы ашылды. Ол жалпы ауданы 208 шаршы метрді құрайды. Осындай орталықтар Аюсай шатқалында және «Горельник» термалды көзінің жанында жұмыс жасай бастады. Медеуде, Республика алаңында, Халықаралық әуежайда және Республика сарайының жанында туристік полицияның 4 пункті ашылды.

Туристердің қауіпсіздігі үшін ұялы байланыс аймағы кеңейтіледі. Бұдан өзге, Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құтқару пункті, Тұйық су қыратында тікұшақ алаңы салынады. Сондай-ақ құтқару топтарына сигнал беру үшін дабылды бастырмалары бар 10 радиорелейлі бағана орнатылады.

Алматыда туризмді дамытуға 84 млрд теңге инвестицияланды. Сондай-ақ шетелдік туристер саны 42%-ға артқан. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Мегаполисте биыл 628 нөмірлі 3 қонақүй салынды. Оларға 54,3 млрд теңге инвестиция салынды. Бұдан басқа, тау туризмінің қауіпсіз инфрақұрылымын абаттандыру және құру жүргізілуде.

Сонымен қатар 2022 жылдың соңына қарай «Медеу» қонақ үйінің орнына жаңа қонақ үй салу жоспарлануда. 

«Медеу» мұз айдынында қонақүй инфрақұрылымын қалпына келтіру жобасы қазақстандық және шетелдік туристерді тарту үшін іске асырылуда. Құрылыс алаңын аралау барысында Б.  Сағынтаев қонақүй жобасымен танысты. 2-3 қабатты ғимараттан тұратын кешен 2,1 га аумақта салынады, 1-қабатта 90 орындық қонақ үй және 300 орындық мейрамхана, 2-қабатта – апарт-отель болады.

Алматы тау кластерін дамыту аясында соңғы 4 жылда 1000 шақырымнан  астам таулы бағыттар цифрландырылды, оның ішінде ұзындығы 500 шақырым болатын 36 бағыт абаттандырылды. Цифрландырылған бағыттар Интернет желісінде және оффлайн режимінде GPS Ranger және 2Gis навигаторларында қолжетімді. 2021 жылы қосымша 172 шақырым тау соқпағын жақсарту жоспарлануда.

2020 жылы туризм индустриясы коронавирустық пандемиядан ең көп зардап шеккен экономика секторларының бірі болды. Соған қарамастан отандық туристер саны 422 мыңды құрады.

2021 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша Алматыға келген туристердің жалпы саны 501,4 мыңнан астам адамды құрады, оның ішінде шетелдік – 54,2 мың, отандық туристер – 447,2 мыңнан астам адам.

Сонымен қатар Алматыда Қазақстан-Швейцария туризм және қонақ үй бизнесі институтында Швейцария бағдарламасы бойынша туризм қызметкерлерін даярлау басталды. Сонымен қатар қала тұрғындарын оқыту және жұмысқа орналастыру үшін кондитерлер мен наубайшыларды оқыту орталығы да іске қосылды.

Оқу мейрамхана-қонақүй кешенінің базасында Швейцария бағдарламасының студенттері ғана емес, сонымен қатар Алматы технологиялық университеті мен колледжінің мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі бағдарламасы бойынша барлық оқушылар тәжірибеден өтеді.

Оқу мейрамхана-қонақ үй кешенінің мақсаты – туризм, мейрамхана және қонақ үй бизнесін басқару саласында заманауи білім мен практикалық дағдыға ие, қазақстандық және шетелдік нарықта бәсекеге қабілетті кәсіби кадрларды сапалы даярлау.

Жаңа оқу орталығы 30 орынды құрайды, ары қарай 100 орынға дейін кеңейтіледі. Мұнда аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан қала тұрғындары, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдар білім алады. Сабақтар мастер-класс форматында өткізіледі.

Редакторы: Мира Байбек

Новости партнеров