Демалыс күндері Альпі тауларының Австрия, Италия және Швейцария елдері аумағындағы тау-шаңғы курорттарында қар көшкіні жүрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
ВВС агенттігі табиғаттың оқыс мінезінен кемі 13 адам қаза тапқанын хабарлап отыр.
Австрияның батысы мен Италияның солтүстігінде жатқан тарихи Тироль облысына қалың қар түсіп, арты қатты желге ұласқан соң, Альпі тауларының курортты аймақтарында көшкін жүру қауіпі артқан. Сенбіде бұл аумақта кемі 30 рет көшкін жүргені белгілі. Осы кезде қар астында қалған біраз адам әлі із-түссіз жоғалғандар қатарында, сондықтан демалыс аймақтарында қаза тапқандардың саны көбеюі мүмкін.
Бірақ жергілікті биліктің қауіпті ескертулеріне қарамастан, Италияда 13-19 ақпандағы мектеп каникулына байланысты курортты аймақта халықтың қарасы көп.
Дереккөзге сүйенсек, қаза тапқандар арасында өзге елдің азаматтары бар. Мәселен, сенбі күні тау курорттарында Жаңа Зеландиядан келген 17 жастағы бозбала, Қытайдың 32 жастағы азаматы мен Германияның 50 жастағы азаматы көз жұмған. Олардың барлығы рұқсат етілмеген жерлерде шаңғы тепкен.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындар арасынан да көз жұмғандар бар. Мысалы, сенбі күні есігінің алдында қар күреп жүрген 59 жастағы жергілікті тұрғынды көшкін басып қалған. Ер адам оқиға орнында көз жұмды.