Әлем елдері Буча қаласындағы жағдайды тергеуді талап етті

05.04.2022 00:32

Украина билігі Ресейді айыптап отыр

Almaty.tv

Әлем елдері Буча қаласында болған жағдайды тергеуді талап етуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өйткені Украина билігі Киев облысын толық азат етіп, Ресей әскері ол аймақтан кеткен еді. Артынша әлеуметтік желіде бұған дейін қоршауда болған бейбіт тұрғындар мәйітінің көшеде жатқан жантүршігерлік видеосы тарады. Украина бұл жағдайға Мәскеуді "кінәлі" деп айыптаса, Ресейдің қорғаныс министрлігі «жалған жала жабылды» деп отыр.

Бүгін Ресей мен Украина арасында қарулы қатығыстың жалғасып жатқанына 40 күн. БҰҰ мәлімдеуінше, 1276 адам қаза болып, 2 мыңға жуық тұрғын жарақат алған. Қазіргі уақытта Киев облысы басқыншылардан толық азат етілді. Бұл аумақта орналасқан Буча қаласында жағдай қиын. Ресейлік әскер кете салысымен, әлеуметтік желіде жантүршігерлік видео тарады. Бейбіт халықты жаппай өлтіру, зорлық-зомбылық пен тонау фактілері тіркелген. Украина билігі бұл жағдайға Ресейді айыптап отыр.

«Мен Ресей Федерациясының барлық басшысы олардың бұйрығының қалай орындалып жатқанын көргенін қалаймын. Міне, берілген бұйрықты жөнсіз, осындай деңгейде орындап отыр. Жарылыс салдарынан қол-аяғы үзіліп, көшенің әр бұрышында жатқан жандардың өмірі үшін кім жауапты? Ортақ жауапкершілік қайда», – деді Украинаның президенті Владимир Зеленский.

Ал Ресейдің Қорғаныс министрлігі бұл Украина билігінің арандату әрекеті дейді. Жауапкершіліктен бас тартқан Мәскеу тарапы өз әскерінің осыдан 4 күн бұрын Бучадан кеткенін және ешқандай тұрғынның зардап шекпегенін алға тартуда. Сондықтан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізуді талап етіп отыр. Аталған жағдайға байланысы Еуропалық Одақ елдері де наразылық білдіріп, қатаң шара қабылдауды ойластыруда.

 «Біз алдағы күндері серіктестерімізбен бірлесе отырып, санкцияны қатаңдатуды жоспарлап отырмыз. Жаңа шектеулер Президент Путин мен оның жақтастарына елеулі әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан біз Украинаға қару-жарақ беруді жалғастырамыз. Өйкені бейбіт халық өзін қорғай алуы керек», – деді Германияның канцлері Олаф Шольц

Жалпы Украинада әскери іс-қимыл басталғалы қарапайым халық ұрыс өнерін үйренуде. Мәселен Одесса қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан мына аймақта күнделікті қарудан ату жаттығулары ұйымдастырылады. Наурыз айынан бері 3 мыңнан аса бейбіт тұрғын дайындықтан өтіпті. Ал Украинадан бас сауғалаған босқындар саны 4 миллионнан асты. Бұл туралы БҰҰ хабарлады. Бүгінде ІІМ 537 мыңға жуық босқын қайтадан Украинаға оралғандарын мәлімдеді.

Аяулым Көлжігіт, Ернар Елдосұлы, «Алматы» телеарнасы.