Қытайда балалар арасында белгісіз пневмония өршіп тұр. Бұған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да алаңдаулы. Респираторлық ауруды жұқтырғандар артқандықтан, аталған ұйым дертке қатысты нақты мәлімет беруді сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал Қытай билігі бұған тұмау, пневмония сияқты белгілі патогендердің айналымы себеп дегенді алға тартып отыр. Әлемдік басылымдар Қытай ауруханаларының балаға толғанын жарыса жазып жатыр. Жаһан жұртын алаң қылған ауру әсіресе ел астанасы Бейжіңде кең етек алған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытай үкіметінен дереу дертке қарсы шара қолдануды талап етті. Өкініштісі, әзірге кеселдің нақты сипаты мен респираторлық-инфекциялық байланысы белгісіз.
Ал Корея Халықтық Демократиялық Республикасы Жер орбитасына сәтті ұшырылған барлау жер серігі бар зымыран-тасығышы Солтүстік Кореяның ең үлкен жеңісі екенін мәлімдеді. Бірақ Еуропалық Одақ Солтүстік Кореяның бұл әрекетін қатаң айыптауда. Оған себеп - әскери барлау спутнигіне БҰҰ санкциялары бойынша пайдалануға тыйым салынған баллистикалық зымыран технологиясының қолданылуы.
Еуропаға бет алған мигранттардың көбеюімен қатар, заңсыз көші-қон жолында құрбан болғандар саны артқан. "Биыл Жерорта теңізінде кем дегенде 2480 мигрант қаза тапты немесе із-түзсіз жоғалып кетті" дейді Халықаралық көші-қон ұйымының жаңартылған баяндамасында.
Айта кетейіr, әлемде шетел асамын деп хабарсыз кеткендердің көптігіне байланысты, 2014 жылы жоғалған мигранттарды бақылау жүйесі іске қосылған еді.
Ал Парижде 2024 жылғы олимпиада ойындары қарсаңында бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларын қабылдайды. Париждің әскери губернаторы генерал Кристоф Абадтың айтуынша, әлемдегі басты спорттық шара кезінде 15 мыңнан аса француз сарбазы қоғамдық тәртіпті қорғауға жұмылдырылады. Парижде өтетін Жазғы олимпиада ойындарына биыл мамырдан бастап 7 миллионнан астам билет сатылған. Халықаралық олимпиада ойындарының ресми өкілдерінің мәліметінше, сатылымда тағы 3 миллиондай билет бар. Дүниежүзілік дода келер жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы келетін шетелдік туристер саны артты