АҚШ-та ұшақ құстармен соқтығысып, әуеде өртенген

03.03.2025 16:57

Бұл америкалық FedEx курьерлік компаниясының ұшағы болған

стоп кадр

Сенбіде Нью-Джерси штатындағы Ньюарк Либерти әуежайынан ұшып шыққан жүк тасымалдайтын ұшақтың қозғалтқышы бірден отқа оранды. Бұл экипажды жедел қонуға мәжбүр етті, оқиға куәгерлердің көз алдында болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда ұшақтың төтенше жағдайда ұшу-қону жолағына қайтып бара жатқаны, ал оның оң жақ қозғалтқышынан жалын шығып жатқаны көрінеді.

Бұл америкалық FedEx курьерлік компаниясының ұшағы болған.

Ұшу деректеріне сәйкес, әуе кемесі ұшқаннан кейін бар болғаны тоғыз минут өткенде қонуға мәжбүр болған.

Нью-Йорк пен Нью-Джерсидің порт басқармасының және FedEx компаниясының мәліметінше, Boeing 767 қозғалтқышының өртенуіне құстар тобымен соқтығысуы себеп болған.

"FedEx 3609 рейсі Ньюарктан Индианаполиске бағыт алған кезде ұшу кезінде құспен соқтығысты. Біздің экипаж төтенше жағдай жариялап, сәтті түрде Ньюаркке қайта оралды. Біз пилоттарымыздың және жедел қызметтердің жедел әрекетіне ризамыз", – деді FedEx өкілі басылымға берген түсініктемесінде.

Қозғалтқыштың зақымдану дәрежесі мен өрттің ауқымы әлі нақтыланбаған, алайда кейіннен ұшақтың жолын жалғастыруына рұқсат берілгені хабарланды.

Ұшақ бортында болған жолаушылардың ешқайсы зардап шеккен жоқ. Қауіпсіздік мақсатында әуе қозғалысы уақытша тоқтатылып, кейін қайта жанданды.

Оқи отырыңыз: Индонезияда жойқын жер сілкінісі болды