Ол күйеуімен енді қайтып бірге тұрғысы келмейтінін мәлімдеген
Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Агра қаласының тұрғыны күйеуінің күнделікті қарапайым жеке бас гигиенасын сақтамайтынын айтып, ажырасуға арыз берген, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
India Today агенттігінің жазуынша, келіншек күйеуінің айына бір-екі-ақ рет суда шомылғанын, үнемі кір киім киіп жүретінін, соның кесірінен денесі сасып, аузынан жағымсыз иіс шығатынын айтқан. Ол күйеуінің жанында ұйықтамақ түгілі, қасында тұруға әрең шыдайтынын жеткізген.
«Жергілікті отбасылық кеңес беру орталығының өкілдері келіншектің Раджаш есімді күйеуін сауалдың астына алғанда, ол айына бір-екі рет қана жуынатынын және аптасына бір рет Гангаджал (Ганг өзенінің қасиетті суы) арқылы денесін тазартып отыратынын айтқан», - деп жазады басылым.
Отбасы орталығы кеңесшілерінің бірі журналистерге жас келіншектің үйлену тойынан бірнеше аптадан соң-ақ күйеуінің гигиенасына қатысты жиі шу шығарғанын, ақырында келін болып аттаған босағасынан кетіп, ата-анасының үйіне оралғанын растады. Көп ұзамай қыздың жақындары қалың малды өтеу туралы талап қойылып жатқанын айтып жергілікті полицияға шағымданған және оларды заңды түрде ажырастыруды сұраған.
Ажырасу туралы шешімді естіген күйеуі бұдан былай жеке бас тазалығын сақтап жүруге, тіпті күнделікті жуынып тұруға уәде бергенімен, келіншек онымен енді қайтып бірге тұрғысы келмейтінін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: АҚШ-та дауыл салдарынан 44 адам ажал құшты