Жүргізуші оны мысық деп ойлап қалған
Мәскеу маңындағы Старориазанское тасжолында түн ортасында 11 айлық қыз бала табылды, оны өтіп бара жатқан көлік қағып кете жаздаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
112 Telegram арнасының жазуынша, жол үстіндегні сәбиді Баха есімді көлік жүргізушісі байқап қалған. Бастапқыда баланы мысық немесе ит деп ойлап қалған жүргізуші оны айналып өтпек болады. Алайда сол мезетте оның кішкентай сәби екенін түсініп, жүрегі тоқтап қала жаздайды.
"Ер адам дереу тоқтап, бір қабат көйлекпен суықтан көгеріп кеткен баланы дереу көлігіне мінгізіп, көрпеге орап, барынша жылытқышты қосқан соң, полиция шақыртқан. Ең қорқыныштысы, баланы тасжолдан көтеріп алғанда артынша бірнеше жүк көлігі тасжол бойымен ызғытып өткен. Олардың нәрестені байқамай басып өтуі әбден мүмкін еді", - делінген хабарламада.
Жүргізуші полиция мен жедел жәрдем күтіп тұрғанда қараңғыдан жанына егде жастағы әйел жүгіріп келіп, баланың немересі екенін айтып, қызды қайтаруды талап еткен. Бірақ ер адам баланы әйелге бермеген.
Кейін сәбидің туыстары әйелдің психикалық дертке шалдыққанын және жақында емделу курсын аяқтағанын айтып берген. Белгілі болғандай, әйел түнде немересін үйден алып кетіп қалған. Ал Лиза есімді сәбидің әжесінің қолынан қалай шығып кеткені және неліктен жолда жалғыз жүргені сол күйі белгісіз болып қалған.
Қыздың ата-анасы баласын құтқарып қалған көлік жүргізушісіне алғыс айтып, ақша бермек болғанымен, ол ақшаны алмайтынын айтқан.
Қыз баланы жеңіл үсік шалып, қатты тоңып қалғаны айтылды.
Оқи отырыңыз: Жеке куәлік: 60 жастағы ер адам құжатсыз өмір сүрген