«Шынайы Ақберенмен» бағдарламасында фтизиохирург, пульмонолог Абзал Малбасқанов қонақта болды. Дәрігер вакцина жайлы даулы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Вакцина жасаудың бірнеше методикасы бар. Мәселен, QazVac вакцинасы короновирус вирусының штампынан алынып, күші жойылған өлтірілген вирустың бөлшегінен жасалады. Ал, Спутник V вирус молекуласы ішіндегі S денелерін бөліп алып жасалынады. Pfizer вирустың әлсіреген түрін адам ағзасына егу арқылы жасалады. Бір-бірінен көп айырмашылық жоқ. Барлығы дерлік аурудың аз ғана мөлшерін ағзаға егу арқылы иммундық жүйе қалыптастырады. Ағзаға ауру түскенімен оның мөлшері аз болғандықтан, адам ауырмайды, керісінше вирусқа тап келгенде оған қарсы тұрады. Вакцина салдырудың ешқандай зиянын көріп тұрғаным жоқ», – деді А. Малбасқанов.
Дәрігер одан кейін көптің көкейінде жүрген сауалдардың бірі вакцина салдырған адамдардың қайтадан коронавируспен жұқтыру себебіне тоқталды.
«Біз вакцина салдырып короновируспен қайтадан ауырып қалған жағдайларды жіті зерттедік. Зерттеу барысында екінші рет ауырғандардың 90%-ға жуығы коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Мәселен, жақын туысы коронавируспен ауырып қалса, соның көңілін сұрау үшін үйіне барады. Аурудың алдын аламын деп вакцина салдырады. Мұндай жағдайда вакцинаның тиімділігі болмайды. Себебі екпе алғанға дейін оның ағзасында ауру штамы бар. Ал, оның үстіне тағы вакцинадағы вирус бөлшегі енгізілсе, онда ағзаға екі есе күш түседі», – деді дәрігер.
Сонымен қатар, Абзал Малбасқанов бұрын коронавируспен ауырып, жазылып шыққан адамдарға вакцина салдыру қажет екенін атап өтті.
«Ондай жағдайда антиденелерге талдау жасату керек. Егер ағзада вирусқа қарсы антидененің мөлшері 80-90 % болса, вакцина салдырудың қажеті жоқ. Ол антиденелердің ең аз мөлшері 10 пайыздан төмен болса, вакцина салдыру қажет. Қазір көп адамдарда коронавирустың күн сайын жаңа өзгерген түрі табылып жатыр, мұндай жағдайдың бәріне бір ғана вакцина салу қаншалықты ақылға қонымды деген заңды сұрақтар туындап жатыр. Ол кісілерге айтарым, вирус қанша жерден мутацияға ұшырап өзгерсе де, оның ататегі бастапқы генетикасы сақталады. Сол себепті жаңа түрі табылып жатса да, қазіргі вакциналардың тиімділігі болады. Мұндай жағдайда антидене қалыптасқан адамдардың да қайтадан вакцина салдырғанының еш зияны жоқ», – деді А. Малбасқанов.
Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі сілтемеден көре аласыздар.