Алматы мектептерінде оқушыларға Pfizer вакцинасы салына бастады

15.11.2021 20:17

Жетісу ауданында 3 тәулік ішінде 12-ден 18-жасқа дейінгі 69 бала, 18 емізетін ана, сондай-ақ аяғы ауыр 3 келіншек екпе алған

Almaty.tv

Алматыда балаларды Pfizer екпесімен мектеп қабырғасында егу басталды. Бұған дейін вакциналау тек медициналық мекмелерде жүргізілген еді. Қазір білім ордалары егу жұмысына сақадай сай дайын. Оқушылар тізімі жасалған. Ал жергілікті емханалар бала санына сәйкес вакцина мөлшерін шақтап жеткізуде. Almaty.tv тілшісі Жетісу ауданындағы №148 мектептегі иммундау жұмысын бақылап қайтқан еді.  

Жетісу ауданындағы №148 мектеп-гимназиясында оқушыларды вакциналау басталды. Алдын ала жасалған тізім бойынша Pfizer екпесінің алғашқы ампуласы 6 балаға егілді. Солардың бірі – 11-сынып оқушысы Дулат Таңатұлы америкалық вакцинаны алуға асыққанын айтады.

«Осы Pfizer екпесі туралы естіген кезде мен бірден ата-анама айттым. Ата-анамның және өзімнің шешімім бойынша Pfizer екпесін салдыруға келдім. Басында қорқыныш сезімі болды. Бірақ анамды, мұғалімімді көрген соң қорқынышым жоғалып кетті. Pfizer екпесі алдағы уақытта пайдалы болады деп үміттенемін», – дейді №148 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Дулат Түкенов.     

Бүгінде тек Жетісу ауданында 21 мектеп бар. Қазір бұл білім мекемелерінде 12 жастан жоғары балаларды жергілікті 3 емхананың мамандары вакциналауда. Бірақ егу тек ата-аналардың рұқсатымен жүзеге асады. Осы ретте кейбір ата-аналар рұқсат қағазын сынып жетекшілеріне жазып берсе, басқалары балаларының қасында болуды ұйғарыпты.

«Мен өз көзіммен көрейін деп келдім. Екпеге қарсы емеспін. Өйткені, онсыз мына індетті жеңе алмаймыз. Мен өзім де салдырдым. Балама да салдыруға кеңес бердім. Қазір өзін жақсы сезініп тұр», – дейді ата-ана Лаура Медетбекова.

Ал эпидемиологтар балаларды мектептердегі егу пункттерінде вакциналау маңызды дейді. Себебі оқушы өзін психологиялық тұрғыда жақсы сезінеді екен.

«Мектеп қабырғасы балаға бөтен емес. Сондықтан қорқыныш сейіледі. Одан бөлек, вакцина алатын балалар үшін асханада арнайы тамақ әзірленіп, таңертеңгі және түскі ас беріледі. Себебі бала тоқ болуы қажет. Кейін ғана мамандар денсаулығын тексеріп, қарсы көрсетілім болмаса, егуге рұқсат етеді», – деді Жетісу ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Асима Исембаева.

Жалпы қалада балаларды Pfizer-мен вакциналау 12 қараша күні басталды. Егу жұмыстары алдымен емханаларда жүргізілген еді. Осылайша, 3 тәулік ішінде тек Жетісу ауданында америкалық екпемен 12-ден 18-жасқа дейінгі 69 бала, 18 емізетін ана, сондай-ақ аяғы ауыр 3 келіншек егіліпті. Жергілікті мамандардың айтуынша, әзірге жаңа вакцинамен иммундалған 90 пациенттен кері әсер туралы шағым түспеген.

Аяулым Көлжігіт, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы