Алматылық 2,5 мың тұрғын КВИ вакцинасының 1-компонентін алды

02.10.2021 00:10

Өңірлер арасынан екпе егу қарқыны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр

Almaty.tv

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алу қарқыны бойынша өңірлер арасынан көш басында келе жатқан Алматыда тәулік ішінде вакцинаның алғашқы дозасын 2,5 мың адам салдырса, 4 мыңнан астам адам 2-компонентін алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қаласының тұрғыны Мақсат Сықақов бүгін екпенің алғашқы дозасын салдырды. Орда бұзар жасқа келген азаматтың сөзінше, бұл уақытқа дейін індет жұқтырып, аурудың ауыр екенін түсініпті. Сондықтан екпе аламын деп шешкен.

«Қазір адамдар ауырып қайтыс болып жатыр. Сол үшін ұзақ ойланып, вакцина аламын деп шештім», – дейді қала тұрғыны Мақсат Сықақов.

Ал қалалық №4 емхананың екпе егу пунктінде вакцинаның үш түрі бар. Олар: ресейлік Спутник V, қытайлық Vero Cell және отандық QazVac. Медицина маманының айтуынша, індет үдеп тұрған тұста екпе алудың маңызы зор.

«Екпе адам ағзасына ешқандай зиян келтірмейді. Вакцинадан кейін антидене пайда болып, індетті жұқтыру қаупі азаяды. Ал жұқтырған жағдайда адам ағзасында жеңіл түрде өтеді», – деді қалалық №4 емхана жалпы тәжірибе дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Айнұр Сәрсембиева.

Бүгінде Алматы бойынша екпе салатын 160 пункт жұмыс істейді. Олар медициналық ұйымдарда, мәдениет және спорт объектілерінде, сауда орындарында орналасқан.

Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы