«Екпе – вирустан жүз пайыз қорғамаса да, өлімнен қорғайды». Ақ халаттылар осылай дейді. Ал, көрермен ықыласын сағынған шаһардың мәдени ошақтары мен дәстүрлі оқу форматына тезірек оралғысы келетін оқу ордалары вакцина салғызуға шақырады. Кеселдің кесірін басынан өткеріп көргендермен Almaty.tv тілшісі тілдесіп қайтты.
Төлеуғали Тайтөлеев былтыр коронавируспен ауырған. Мұндай қиындықты ешкімнің басына бермесін деген тілек білдірді. Оның үстіне індет талай жақындарын алып кеткен. Ал, студенттермен тезірек қауышып, оларға қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін екпе салғызуға асқан жауапкершілік танытып отырмыз дейді.
«Менің таныстарым қайтыс болды, туыстарым қайтыс болды. Көп адам о дүниеге кетіп жатыр. Менің айтайын дегенім, соның ішінде біреуі де екпе алмағандар. Алмаса болмайды. Себебі бұрын да алып жүрдік қой екпені бала кезімізден», – деді Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің директоры Төлеуғали Тайтөлеев.
Ел арасындағы түрлі алып-қашпа әңгімелер екпе егу қарқынына кедергі келтіріп тұрғаны жасырын емес. Алайда мамандар дүние жүзі бойынша 2 миллиардтан астам адам екпе алған болса, демек, вакцинаның тиімділігі жоғары деген пікір білдірді.
«Бізге осы пандемия жағдайында өмір сүруді үйрену керек. Вакцина коронавирус жұқтырудан 100 пайыз қорғамаса да, ауруды ауыр өткеруден және өлімнен қорғайды деп сенімді түрде айта аламын. Ал, вирус мутацияға ұшырағандықтан, екпе тиімсіз болып қалды деген жай ғана қауесет. Вакцинаның әр түрі әбден зерттелген әрі тиімділігін дәлелдеген», – деді Қазақ репродуктивті медицина асоциациясының президенті Вячеслав Локшин
Жаңа оқу жылы қарсаңында студенттерді қабылдауға дайындықтың ең маңызды бөлігі – ұжымдағылардың жаппай екпе алуы, деді Қазақ ұлттық медицина университетінің қызметкері. Мұндағы қызметкерлер мен студенттердің 90 пайызы вакцина салғызыпты.
«Коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша жалғыз жол – вакцина алу. Өйткені қоғамдық иммунитет қалыптастыру үшін екпе алу керек. Мен өзім вакцинация алдым. Алдымен мамандармен сөйлесіп, толық зерттедім», – деді С. Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ жастар саясаты басқармасының бас маманы Рымкеш Жармағанбет.
Айта кету керек, егу науқаны басталғалы қала бойынша 853 мың 5 адам екпенің 1-компонентін алса, 699 мың 67 адам вакцинаның 2 компонентін де салғызған. Оның 110 мың 236-сы алпысты алқымдағандар.
Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы