Вакцина алуға міндетті қызметкерлер үшін екпенің 1-компонентін салғызу мерзімі аяқталды

11.08.2021 02:27

Апта сайын ПТР-тестілеуден өтіп, арнайы анықтамасымен ғана ішке енуіне рұқсат етіледі

Almaty.tv

Бүгін вакцина алуға міндетті қызметкерлер үшін екпенің 1-компонентін салғызу мерзімі аяқталды. Ал, 2-компонентін бірінші қыркүйекке дейін алып үлгеру керек. Әйтпесе вакцина алмаған қызметкер жұмыс орнына оңайлықпен кірмейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Апта сайын ПТР-тестілеуден өтіп, арнайы анықтамасымен ғана ішке енуіне рұқсат етіледі. Ал, еш тексерусіз қызметкерді кіргізіп, тәртіп бұзған жұмыс берушілерге айыппұл салынады.

Асқар Ерболатұлы қаланың төрт бұрышына тәтті тағамдар жеткізетін компанияда қызмет етеді. Оның айтуынша, жұмыс бабымен тәулік ішінде 50-ге жуық адаммен көріскендіктен, ол үшін вакцина алу міндетті. Сондықтан дәл бүгін еш ойланбастан вакцина алуға келдім дейді.

«Вакцинаның 1-компонентін алып отырмын. Өзім кондитерлік фабрикада менеджер-экспедитр болып қызмет етемін. Халықпен көп контакт орнатқандықтан, өзімді сақтау және бала-шағамды сақтау үшін вакцина алуға көзім жетіп, сондай шешімге келдім», – деді кондитерлік фабрика қызметкері Асқар Сегізбаев.

Бүгінде ел бойынша вакцинаның бірінші компонентін 5 млн 807 мың 646 адам алса, 2-компонентін 4 млн 445 мың 534 адам салдырған. Ал, жаппай имунитет қалыптасу үшін қос доза толық салынып бітуі керек. Сондықтан жұқпалы індетті ауыздықтау жолында медицина қызметкерлері тұрғындарды екпе алуға шақырады.

«60 жастан асқан науқастарға, диспансерлік есепте тұратын жүрек қан тамыры жүйесі аурулары бар науқастарға, тыныс алу жүйесінің аурулары бар науқастарға, қан диабетімен зардап шегетін науқастарға екпе жасалды. Қазіргі таңда 18 жас пен 35 жас аралығындағы азаматтарға ерекше көңіл бөлініп, екпеге шақырылуда», – деді қалалық №24 емхана бас дәрігерінің орынбасары Кәмшат Үмбетова.

Айта кетсек, еліміздің бас санитариялық дәрігерінің қаулысы бойынша міндетті вакцинация мерзімі бекітілген болатын. Екпе алуға тиісті қызметкерлер вакцинаның бірінші компонентін 10 тамызға дейін, ал екінші компонентін 1  қыркүйекке дейін салғызуы керек.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы