Аида Балаева ел тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен құттықтады

exclusive.kz
exclusive.kz
Бүгін – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады, деп жазады Almaty.tv.

«Баршаңызды Тәуелсіздік Күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы жыл халқымыз үшін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ерекше маңызға ие болды. Осы белеске аман-есен жету үшін еліміз талай қиындықтар мен дағдарыстарды бастан өткерді. Көпшілік қауым азаттықтың ақ таңының қалай атқанына куә болды. Алғашқы тоқырау жылдардың сан түрлі сынағынан өтті. Өкінішке орай, тәуелсіздіктің алғашқы қалыптасуына аянбай тер төккен қаншама алдыңғы буын аға-апаларымыз бүгінге жетпей өмірден өтіп кетті. Десе де, ұрпақ аман болса өмір жалғасады.

Тәуелсіздік жылдары дүние есігін ашып, өсіп-жетілген жас буын бүгінде ер жетіп, үлкен өмірге, кейбірі ел басқару ісіне де араласып жатыр. Сондықтан тәуелсіздіктің 30 жылдығының жеңісі мен жетістіктерінің түбінде барша қазақстандықтардың үлесі жатыр. Еліміз тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына ішкі және сыртқы саясаты орнықты, бірлігі мығым, экономикасы қалыптасқан мемлекет ретінде аттап отыр. Біз тұтастықтың қадірін толық түсінетін әрі биік бағалай білетін қоғам қалыптастыра алдық.

Ел басына күн туған пандемия кезінде біртұтас халқымыз мұны лайықты дәлелдей алды. Біз елдегі тыныштық пен ішкі тұрақтылықтың қоғамдағы әрбір азаматтың саналы әрекетіне байланысты екенін ұғындық. Айналаға жанашыр болып, жақындарымызға көмек қолын созудың қаншалықты маңызды екенін білдік.

Олай болса, тәуелсіздік мерекесі баршаңызға жарқын қуаныш сыйласын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, заманымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!», – деп жазды Аида Балаева.

Новости партнеров