Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қайырымдылық жұмыстарына басты назар аудару керек. Президенттің Қазақстан халқына жолдауында айтылған бұл сөзі білім ошақтарындағы жас мамандардың игі іс бастауына түрткі болды. Наурызбай ауданында ұйымдастырылған «Алматы – қуаныш қаласы» эстафетасына Almaty.tv тілшісі Таңелі Есіркепова қатысып қайтқан болатын.
Наурызбай ауданында орналасқан №157 жалпы білім беретін орта мектеп «Алматы – қуаныш қаласы» атты эстафетаны бастап отыр. Эстафетаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған отбасыларға сый тарату.
Эстафетаны биыл ғана ұстаз атанған Анар Арынова ұсынып, қалған жас мұғалімдер тобы бірауыздан қолдаған. Олар аудандағы тұрмысы төмен 8 отбасыға азық-түлік салынған себеттерді өз қолымен дайындап, табыстады.
«Президентіміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қайырымдылық шараларға назар аудару керек екенін айқындап өткен болатын. Акция ауданымыздың 9 мектебінде жалғасын табатын болады», – деді жас мұғалім Анар Арынова.
«Аудан бойынша ең бірінші болып біздің мектептің жас мамандары бастады. Бүгінгі болатын іс-шараға 8 отбасын шақырдық. Келесі болатын іс-шараларға орындарын ауыстырып, шақырып отырамыз», - деді №157 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақжан Әбдіқадыр.
Білім ордасының осындай белсенді жастармен толығуы ұжым бірлігін арттырады дейді мектеп мұғалімдері. Игі бастама ата-аналар мен оқушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады. Олар өз кезегінде жас мамандарға алғыстарын жеткізді.
«№157 мектепте 3 балам оқиды. Бізді елеп, құрметтеп, сыйлап жатқаны үшін осы мектептің биыл келіп жатқан жас мамандарына алғысым шексіз», - дейді ата-ана Маржан Түйебаева.
Эстафетаны бірден-ақ №188 мектеп-гимназиясы жалғастырып кетті. Жас мамандар мүмкіндігі шектеулі оқушыларға планшет сыйлап, азық-түлік түрінде көмек көрсетті.
Таңелі Есіркепова, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы