3 желтоқсанда Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясының үйымдастыруымен «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Достық» үйінде өткен ауқымды шара түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақ-қырғыз бауырластығын бекемдеуге өлшеусіз үлес қосқан жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, сонымен бірге, қырғыз халқының көрнекті тұлғалары, Алаш қайраткерлері Жүсіп Абдрахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Тағылымды шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Каныбек Иманалиев, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы Мәмбет Қойгелдиев, белгілі қырғыз тарихшысыЗайнидин Курманов, сондай-ақ бір туған екі елдің зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.
Конференция аясында Жүсіп Абдрахманов пен Қасым Тыныстанов және қазақ-қырғыз достығына байланысты архивтік материалдар көрмесі, сондай-ақ Қасым Тыныстановтың ғұмырнамасы мен күрескерлік қызметіне арналған ғылыми еңбектердің тұсаукесер рәсімі өткізіледі.
Конференцияны Халықаралық Түрік академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді.
Алқалы жиын барысында Қазақстан мен Қырғызстан мемлекет және қоғам қайраткерлері құттықтау сөз сөйлеп, туыс халықтардың бекем бауырластағы туралы сөз қозғады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы өз сөзінде қазақ пен қырғызға ортақ Жамбыл мен Алаш қайраткерлеріне арналған салтанатты жиын екі елдің рухани байланысын биік белеске көтерген игі бастама екендігін атап өтті.
Құттықтау сөзден кейін танымал тарихшы ғалымдары баяндамалар оқып, Ж. Абрахманов пен Қ. Тыныстанов ХХ ғасыр басындағы қазақ-қырғыз зиялылары туралы ғылыми жаңалықтармен бөлісті.
Конференция соңында қатысушылар Жамбыл жылының қорытындысына арналған Абай атындағы опера және балет театрында «Жамбыл жырау» операсын тамашалуға қатысты.