Тәуелсіздік тарихында 1997 жылдың да алар орны айтарлықтай ерекше. Дәл осы жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялаған болатын. Ең басты жаңалық – 10 желтоқсанда Қазақстанның астанасы Алматыдан көшірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1997 жылдың 8 қаңтарында Президент Жарлығына сәйкес, Жамбыл қаласына оның Тараз деген көне атауы қайтарылды. Қазақстанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жыл «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып белгіленді. Осыған байланысты 31 мамырда Ақмола қаласында үлкен саяси шара өткізілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін өткізу жөніндегі облыстық және қалалық комиссия құрылды.
«Асқаралы Алатаудың әрбір уыс топырағы киелі қадам жері қасиетті, сүйем жері сүйкімді. Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласынан бастау алып, тамыры тереңге кеткен тарих қойнауынан сыр шертсек, 70 жыл бойы қазақ халқы әдебиеті мен мәдениетін, тілі мен ділін, салт-дәстүрін жоғалтып, әруақтар боздаған, күңіренген заманды бастан кешірді», – деді ҚХА мүшесі, қоғам қайраткері Қазақбай Таштеміров.
1997 жылы Қазақстан мемлекет дамуының стратегиялық жоспарын жасауға кіріседі. Мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының 1-стратегиясын Елбасы 1997 жылдың 10 қазанында Қазақстан халқына жолдауында атап көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев бұдан былай барлық жылдық жоспарлар мемлекеттік және салалық бағдарламалар «Қазақстан-2030» стратегиясының жеті ұзақмерзімді басымдықтары негізінде жасалатынын атап көрсетті. Президент әр басымдық бойынша 3 жылға нақты міндеттер қойды.
«Елбасымыздың даналығының үлкен бір көрінісі – жаңа қаланы өмірге әкелуі. Қазір астананың қандай көрікке ие болғанын қараңызшы. Әлем танып жатыр. Керемет ғимараттар салынды. Қандай абыройлы іс-шаралар өткізілді», – дейді Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» орденінің иегері Аягүл Миразова.
1997 жылдың соңғы айлары астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру ісімен есте қалды. 20 қазанда Астананы көшіру туралы Президенттің Жарлығы шықты.
«Жас мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан тұңғыш рет өзінің қалауымен халқының мүддесіне сәйкес өз астанасын таңдап алды. Бұл ең бірінші рет Қазақтың тарихында шешіліп отырған мәселе. Мемлекетіміз туын тіккен қаланың халықтың береке-бірлігін бекемдеп, іргелі ұлт болып ұйымдасуына да, жәрдем етеріне сенемін», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал 8 қарашада мемлекеттік ту мен мемлекеттік әнұранды Ақмолаға салтанатты түрде ауыстыруы рәсімі өтті.
Осылайша, түстен кейін Елбасы мінген ұшақты ақмолалықтар қошеметпен қарсы алды. Тәуелсіздіктің алтыншы жылында Қазақстан астанасы Жетісудан Сарыарқаның төріне көшірілді
Қасымхан Талғатұлы, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы