Б. Сағынтаев: Алматыда шағын кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға 2 пайызбен несие беріледі

egemen.kz
egemen.kz
Алматылық кәсіпкерлерге тағы нендей көмек көрсетіліп жатыр?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері құны 84 миллиард теңге болатын мыңнан астам жоба мақұлданған. Мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларды белсенді түрде жүзеге асыру арқылы бизнесті қолдау қарқынды жүргізілуде. Бұл туралы қала басшысы Бақытжан Сағынтаев кеше арнамыздан өткен 2 сағаттық тікелей эфир кезінде мәлімдеді. Алматылық кәсіпкерлерге нендей көмек көрсетіліп жатыр? Бизнесті бастап, оны кедергісіз жүргізуге қандай жағдай жасалған? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек толығырақ тарқатсын.

Алматыда кәсіпкерлікпен айналысам дейтіндерге қолайлы жағдай жасалған. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, «Алматы бизнес» бағдарламасы аясында кәсіп бастайтын жандарға арнайы орындар қарастырылған. Яғни, Алатау, Наурызбай және Түрксіб ауданында арзан бағаға жалға берілетін ғимараттар ұсынылады. Олардың саны осы күні – 10. Бұл жерлерде 29 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Осылайша 1 мың 100 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл – қалаға жаңадан қосылған аудандарда кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізеді.

«Біз азаматтарға сондай іскер азаматтарға айтып жатырмыз: міне, іс бастаймын десең, мына жерге барып тірлік жасауыңа болады. Қанша керек? 200 кв керек пе? Онда осы жерден кесіп ал. Егер де саған сол жерге қоятын құрал жабдық керек болса, онда біздің СПК-ның қарамағындағы шағын қаржы компания 2 пайызбен несие береді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Шахила Баймұрат осы күні кеңсе тауарларын өзімізде өндіріп жатыр. Ол «Алматы финанс» ұйымынан 2 пайыздық жеңілдетілген несие алған. Айтуынша, күніне 3 мың дана кеңсе папкасы шығарылады. Шағын өндіріс орны бүгінде 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыру көзделген.

«Жоспарымыз көп. Органайзердің аппараттарын алдыртып қойдық. Ол енді осы карантинге байланысты транспорттық жағдайы қиын. Сонымен кешігіп келіп жатыр. Бұйырса осы екі ай көлемінде келу керек», – деді кәсіпкер Шахила Баймұрат.

Заман талабына сай бизнес саласына да тың технологияларды енгізу маңызды. Осы орайда аталған кеңістікке алғаш қадам басамын дейтіндерге де қолдау қарастырылған. Жеңілдетілген несиенің шарапатын Ермек Бейсебаев та көріп отыр. Бүгінде қол астында 10-ға жуық инноватор еңбек етеді.

«Қазір біздің мамандар карантинге байланысты қашықтан жұмыс істеп жатыр. Біз IT саласында қызмет көрсетеміз. Яғни, клиентке онлайн төлем жасау жүйесін орнатамыз. Көбіне қаржы институттары көмек сұрайды. Алдағы уақытта қарапайым адамдарға да инновациялық сервис дайындау көзделіп отыр», – деді кәсіпкер Ермек Бейсебаев.

Айта кетейік, қалаға жаңадан қосылған аудандарда кәсібін бастағандарға, арзан бағаға жалға беру мен қоса, сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған. Сонымен қатар, онда барлық инфрақұрылым жүргізілген. Оның үстіне индустриалды аймақ, транзиттік жолда.  Яғни, Қытайдан батыс Еуропаға және Азиядан Ресейге қатынайтын тоғыз жолдың торабында тұр. Еске салайық, жеңілдетілген несие мен арнайы орынды кез келген адам ала алмайды. Мұндай шешімді өңірлік үйлестірушілік кеңес қабылдайды.

Өмір Әнуарбек, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы  

Новости партнеров