Астанада қатты аязда сәби сырт киімсіз далаға шығып, жоғалып кетті
Елорда аулаларының бірінен жұқа кофта мен джинсы ғана киген балақай табылды, кейінірек белгілі болғандай, үлкендердің қарауынсыз қалған ол үйден шығып кетіпті, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Керей-Жәнібек хандар көшесіндегі үйдің ауласынан шамамен, үш жасар баланың табылғаны туралы елордалық әкімдіктің баспасөз қызметі басшысы Эльвира Жүргенбаева Facebook желісінде хабарлаған болатын.
Ер бала кофта, джинсы және бәтеңке ғана киген екен. Жүргенбаева сәби туралы қандай да бір мәлімет білетіндерден хабарласуын өтініп, телефон нөмірлерін көрсетті.
Кейінірек ол жазбасын жаңартып, баланың ата-анасы табылғанын хабарлады. Олар жұмыста болғанда, сәби туыстарымен үйде қалыпты.
Үлкен ағасы жұмысқа кетіп, екінші ағасы ұйықтап жатқанда, балақай далаға шығып кеткен. Екінші ағасы оянып, баланы үлкен ағасы алып кетті деп ойлаған.