Astana Media Week шеңберінде баспасөз хатшыларына арналған семинарлар өткізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Astana Media Week-тің соңғы күні семинарларға толы болмақ. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың баспасөз қызметі қызметкерлері мен түрлі саладағы журналистер үшін ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігі аймақтық БАҚ Альянсымен бірге тиімді оқытуды дайындады.
Бағдарламаға сәйкес блоктар бойынша бірнеше семинар өткізу жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, олар баспасөз қызметтерінің БАҚ-пен тиімді жұмыс жүргізуіне бағытталған. Дағдарыс кезеңінде ақпаратты дұрыс беруге, әлеуметтік желілерде тиімді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, коммуникациялық медиа менеджментке ерекше көңіл бөлінбек.
Қатысушыларға шешендік өнер, сөз сөйлеу психологиясының қыр-сырлары мен резонансты жағдай туындаған кездегі негізгі медиалық және коммуникациялық тәуекелдер жайы таныстырылмақ. Қажетті ақпаратты жеткізуге арналған түрлі алаңдар мен стандартты емес тәсілдер көрсетіліп, қатысушылар жұмысты жүргізу жоспарын құруды үйренеді.
Медиа жұмысының ажырамас бөлігі – Social Media Marketing (SMM). Сондықтан баспасөз қызметінің қызметкелеріне вирусты посттар мен сатылатын мәтіндер құру, оқырман ретінде ойлай білу және түсіндіре алу өнері үйретілмек.
Сарапшылар сонымен қатар іскерлік коммуникациялар құру маңыздылығы мен медиа жоспарлау тиімділігі туралы, заманауи медиа трендтер жайында айтып, стратегиялық ойлауды қалай дамыту керектігі туралы құпияларымен бөліседі.
Жаттықтырушы ретінде Халықаралық құзырет академиясының бас директоры, психология ғылымдарының докторы, медицина ғылымдарының кандидаты Ләйлә Асылбекова және Internews Kazakhstan атқарушы директоры Ержан Сүлейменов және басқалары сөз сөйлейді.
Тыңдаушылар – комитеттер мен департаменттердің, қоғаммен байланыс қызметтерінің жетекшілері, вице-министрлер, баспасөз хатшылары, аймақтардың журналистері болмақ.
Еске сала кетсек, елордада қыркүйектің 26-28-сы аралығында бұқаралық ақпарат құралдары, баспасөз қызметтері, блогерлер және басқа да медиа қатысушыларына арналған кең ауқымды шаралар сериясы – Astana Media Week өтеді. Бұл Орталық Азиядағы жыл сайын өткізілетін ірі оқиғалардың бірі.
Astana Media Week 2018 мақсаты – отандық медиа саласын дамыту, аймақтық деңгейде индустриядағы іскерлік қатынасты алға бастыру болып табылады.
Аstana Media Week 2018 ұйымдастырушылары – ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қатысуымен «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы. Сонымен қатар, ұйымдастырушы ретінде аймақтық БАҚ Альянсы да атсалысады.