Израильмен танысу: Алматы музейінде әйгілі геологтың фотокөрмесі өтті

Израильмен танысу: Алматы музейінде әйгілі геологтың фотокөрмесі өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Израиль. Адамдар. Тарих. Табиғат және мәдениет. Алматы музейінде әйгілі геолог Илья Фишманның Израиль мемлекетінің 70 жылдығына арналған фотокөрмесі ашылды. Алғашқы күні-ақ көрмені аралауға қаладағы ұлттық-мәдени орталық өкілдері мен тұрғындар келді.  

Көрмеде алғаш рет көрермен назарына автордың Өлі теңіздің, әйгілі «Жоқтау қабырғасының» және Израиль қалаларының бірегей суреттерінен құралған 60-тан астам жұмысы ұсынылды. Илья Фишман бұл суреттерді Израильге саяхаттап барған кезінде Иерусалим, Акко, Яффа, Кейсария қалаларында түсірген. Авторды бұл елдің тарих тылсымы мен мәдениетінің дамуы таңғалдырған.

«Израильге барғанымда мені көп нәрсе таңғалдырды. Ерекше әсер қалдырып, тебіренткен бар дүниені суретке түсіруге тырыстым. Израиль картада өте кішкентай көрінгенімен, ішінен қарасаңыз әр бұрышы ғажайыпқа толы өте үлкен ел. Бүгінгі көрме сол саяхат барысындағы жұмыстарымның жемісі», – деді геолог, ҚР Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі Илья ФИШМАН.

Фотосуреттер негізінен, Израильдің табиғи және мәдени ландшафтары, өзен-көлі мен шөлдері, салт-дәстүрлерінен сырт шертеді. Сонымен қатар, еврейлердің сәулет өнері, ғимараттарының салыну ерекшеліктері де таңдай қақтырмай қоймайды.

«Бүгін Еврейлер жайында көптеген мәліметтер алдым. Олардың мәдениеттері қандай және де Израильдің 70 жылдығына арналған фотосуреттер де бар екен. Біз қазір сол жерде тұрмыз. Бұл жерде қойылған 50 суреттің ішіндегі ең қатты ұнағаны – «ЦУМ алдындағы бульвар» деп аталады», – дейді Ақнұр НҰРЛЫБАЕВА.

Алматы музейінде сондай-ақ, Еврей мәдени ортылығына арналған көрме ашылды. Бұл – өткен жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмелер топтамасы аясында ұйымдастырылып отырған 15-ші көрме. Мұнда алғаш рет еврей қолөнер шеберлерінің бірегей туындылары, ұлттық киімдері, тұрмыстық заттары мен фотосуреттері қойылған. Алматы музейі барша қала қонақтары мен тұрғындарын көрмені тамашалауға шақырады.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров