Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сарапшылардың әлеуметтік желідегі пікірі

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сарапшылардың әлеуметтік желідегі пікірі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Оқырман қауымға Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына қатысты еліміздегі белгілі адамдардың пікірлерін ұсынамыз, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы – түгел түркі мен Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналары хақ». Мақала жайлы Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі осылай дейді.

«Ел газеті Егеменде Елбасының тариxи сананы жаңғыртуға бастайтын бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Руxани жаңғырудың жалғасы іспетті тағылымды мақалада ұлт тариxының бастаулары, Ұлы Дала өркениеті, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі сияқты маңызды тақырыптармен бірге оларды жүзеге асырудың да нақты жолдары көрсетілген. Терең тариxымызды түгендеуге мүмкіндік беретін бағдарламалық мақаланың түгел түркі мен Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналары сөзсіз», – деді Дархан Қыдырәлі Фейсбуктегі парақшасында.

«Biz Qazaqpiz» дейді «Нұр Отан» партиясының Стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Евгений Кочетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Біздің халықтың айқындалуында нақты нүкте қойылды. Біздің кім екеніміз туралы сұраққа енді мүлде орын жоқ. Біз қандай идеологияны насихаттайтынымыз туралы сұрақ жиі көтеріліп жүр еді. Рухани жаңғыру арқылы ұлттық кодымызды танып, әлемге өзімізді таныта білсек, «Ұлы даланың жеті қыры» арқылы біз айқындалу жолын нақты белгілеп алдық. Біздің халық – ғұндар мен сақтардың, түркі этностар тобының мұрагері. Біз кім екенімізді айқындап қана қоймай, бүкіл әлемге де белгі бердік. Әсіресе, қазір бұл өте маңызды», – дейді Евгений Кочетов.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала – ұлт рухының айрықша салтанат құруына негіз болған ерекше оқиға екенін айтады.

«Желмен жарысқан жүйрікті қолға үйрету арқылы ата-бабаымыздың адамзат өркениетіне үлес қосқаны белгілі. «Ер қанаты – ат» деп білген алаш баласы әр сөзінің астарын атпен сабақтайды. Айтар ойын атпен байланыстыра бейнелейді. Жылқы мінезді жұрттың адам ұғлының мінезін, өмірінің әрбір белесін, тұлғаның қалыптасу кезеңдерін жылқымен қатыстыра суреттеуі – бұл құбылыстың дүниетанымымызға қаншалықты сіңісті болғанына дәлел. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлы. Яғни сөзінің мәніне бойлаған ел өз болмысын танымақ. Атты әспеттеу – болмысыңды зерделеу. Сондығымен де, осы мақаланың меңзері алыс, мәні терең», – дейді депутат.

Ұлт тарихындағы жылқы малының киесіне терең бойлай келе Бекболат Тілеухан санаға сіңісті болған сөз орамдары - ұлттық болмыстың ұстыны екенін алға тартады.

«Аяғы жерден көтеріліп, атқа қонған қазақ ешкімге кеудесін бастырмаған. Тағы да атқа қоныппыз. Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпасы белгілі. Ал тарихи сананың тұғыры қашанда ұлттық болмыстан. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесу Елбасы мақаласының негізі өзегі деп түсіндік. Осындай игі бастамаға атсалысу - әрқайсымызға қастерлі міндет», – дейді Бекболат Тілеухан.

Танымал саясаттанушы Айдос Сарым да мақаланы мұқият қарап шыққанын жазады.

«Мұқият қарап шықтым. Көңілге қонымды тұстары көп екен. Қазақ руханияты үшін қажетті жобалар», – деп жазады Айдос Сарым.

Tarlan.kz порталының редакторы Нұрғали Нұртай болса, мақаланы оқи отырып, кезінде Ататүрік те тіл мен тарихты жоғары қойғанын жазады.

«Түркияның құрушысы және ұлы көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік 1938 жылы қайтыс боларынан екі ай бұрын, 5 қыркүйекте Ыстанбұлда жатқан ауруханасына нотариус шақыртып, өсиет жаздырыпты. Өзіне тиесілі мүліктің үштен бірін бала-шаға, туған-туысына, үштен бірін «Түрік Тіл Мекемесіне (Лингвистикалық Қоғам)», қалған бір бөлігін «Түрік Тарих Қоғамына» қалдырады. Бұл екі мекемені де тіліміз бен тарихымызды түгендейік деп өзі бас болып құрған. Бұдан тіл мен тарихтың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін ойлаған Ататүрік даналығын көруге болады. Президенттің «Рухани жаңғыру» мақаласын аса жоғары бағалаймын. Халықтың қабырғасын бүтіндейтін бағдарламалар дүниеге келіп, іргеміз бекемделіп, қоғамымыз нығая түскей!», – деп жазады Нұрғали Нұртай.

Өзіміздің толағай тарихымызды түлету – өте өзекті. Әлеуметтанушы әрі саясаттанушы, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров та осылай мақалаға үн қосты.

«Көңілге қонымды. Өзіңнің тарихыңмен мақтанып қана қоймай, сол тарихтың қыр-сырын сараптап, ғылыми негізде болашаққа бағдар жасау өте өзекті. Біз жаһандану заманына өзіміздің тамырымызбен, сол тамырымызды тереңдете отырып енуіміз өзекті. Осы тұрғыда, өзіміздің толағай тарихымызды түлету - күн тәртібінде. Отарлау кезеңінде бізді, қазақтарды, тарихы болмаған, болмысы, бет-әлпеті жоқ, даланы кезіп жүрген халық ретінде көрсету әрекеттері болды. Біз сол жүйелі әрекеттердің кесірінен тарихымыздан айрылып қалдық, тарихты есімізге алғымыз келмеді, «тарихтан шаршау» синдромына іліктік... «Халықты құртқың келсе, оның тарихын құрту керек, тарихын білмеген халық тобырға айналады» деген аспект бар. Біз осынау «мәңгүрттік» заманды да бастан өткердік... Жаһандану процестері ұлттың өткені мен өткергенін басқаша көзқараспен сараптай отырып, болашаққа бағдар жасауды талап етеді...», – деп жазды Е. Саиров өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

«Қазақстандықтар өзінің ұлы тарихымен мақтануы керек. Президенттің жаңа мақаласында Ұлы даланың тарихына қатысты терең көзқарас жатыр», – деді өз парақшасында Президент Әкімшілігінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин.

Еске сала кетсек, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланған болатын.  


Новости партнеров