Елімізде дәрі-дәрмекті таңбалау жобасы қолға алынатын болды (сұхбат)

Елімізде дәрі-дәрмекті таңбалау жобасы қолға алынатын болды (сұхбат)
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде ішіктер мен тонды таңбалау жобасы аясында 1 жылдан аса уақыт аралығында 247 мың бұйымға белгі ілінген. Пилоттық жоба 2017 жылдың қарашасы аяғында қолға алынған. Нәтижесінде, салықтан жалтарып, тері бұйымдарын астыртын сатқан кәсіпкерлердің жолы байланған.

Таңбалау жүйесі айналымдағы тауардың барлығын жарыққа шығарады дейді Кірістер комитетінің өкілдері. Таңбалау нәтижесі туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы Олжас ОТАР айтып бермек.

– Олжас Асангелдіұлы, ішіктер мен тондарды таңбалау жобасы аясында қанша бұйымға белгі ілінді? Бұл жоба сауда айналымына қаншалықты әсер етті? Нәтижесі қандай?

– Қазіргі уақытта тауар айналымында заңсыз тауар айналымын болдырмас үшін бұл қарсы күрес әлемде ең өзекті проблеманың бірі болып тұр. Мұны шешудің бірден-бір жолы – сол өнімдерді цифрлық таңбалау болып табылады. Бұл әдіс әлемде 10 жылдан аса қолданылып келеді. Мұның көш басында Қытай, Бразилия, Түркия, АҚШ, Еуроодақ тұр. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында әкелінген тері бұйымдарын, тондарды, ішіктерді таңбалау нәтижесінде, 247 мыңға жуық тауар таңбаланды. Соның нәтижесінде, кеден бажы мен салығынан 177,2 миллион теңге артық түсім түсіп отыр. Сонымен бірге, қазіргі уақытта 197,1 млн теңге салық артық түсіп отыр. Бұл тері бұйымдарын, тондарды, ішіктерді таңбалаудың нәтижесі деп айта аламыз.

– Темекі өнімдерін таңбалау жобасының аясында қанша тауар таңбаланды? Бұл шылым саудасы нарығына қандай ықпалын тигізді?

– Темекі бұйымдарын, акциз бұйымдарын таңбалау жұмыстары 2018 жылдың 1 қазанынан бастап қанатқақты жоба ретінде іске асырылып жатыр. Бұл жұмыс жақында ғана іске асырыла бастағандықтан, қазіргі уақытта қанша бұйымның таңбаланғаны туралы толық мәлімет бере алмаймыз. Бірақ нарықта таңбалаудың оң нәтиже беретінін айтып өткеніміздей, таңбалау темекі өнімдеріне де оң нәтиже береді деп күтілуде.

– Дәрілік заттарды таңбалау жұмысы қашан басталмақ? Жалпы, тауарларды таңбалау ісі қалай жүзеге асып жатыр? Және оның тиімділігі неде?

– Жаңа айтып өткеніміздей, тауарларды цифрлы таңбалау көп пайда әкеліп жатыр. Ең біріншіден, жалған тауар өндірушілердің жолын кеседі. Екіншіден, нарыққа келетін тауар қай жерден шықты, қай жерге келді, қалай келді деген сауалдардың бәрінің жауабын кез келген тұтынушы өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықта біліп отырады. Сонымен қатар, қазіргі Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде дәрі-дәрмектерге қатысты қанатқақты жобаны 1 сәуірден бастап іске асырамыз деп жоспарлап отыр. Бұл дәрі-дәрмектерді таңбалау бойынша атқарылатын жұмыстар. Ол жоба іске асырылған соң, оның оң нәтижесін алдағы уақытта біле аласыздар.

– Жауабыңызға рахмет!


Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров