Алмарасандағы бұлақтан су ішу қауіпті. Арнайы зертханалық жұмыстар жүргізген мамандар осылай деді. Себебі, табиғат аясына қыдыруға келгендердің көбі бұлақтан су ішетін көрінеді. Зерттеу барасында тау суының құрамынан түрлі денсаулыққа зиянды заттар табылған.
Қажетті құрал-саймандарын сайлап, «Бастау» кәсіпорнының лаборатория мамандары Алмарасанға жол тартты. Негізі бұл күнделікті жасалатын жұмыс. Бірақ осы жолы бұқараға бұлақтан ағатын судың құрамын талдап көрсетпек. Өйткені, тауға қыдыруға келгендер ерен санамай көшедегі шүмектен жиі су ішеді. Ал оның құрамында адам денсаулығына зиянды элементтер болуы мүмкін екенін ескермейді көбі.
«Химиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, тиісті нормалар сақталған. Алайда, бұл ішетін ауыз су емес. Сондықтан, адам ағзасына зиян деп саналады. Сүзгіден өтпеген судың сапасына ешкім кепілдік бере алмайды. Онда ішек таяқшасы болуы ықтимал»,- деді Инженер-химик, Татьяна НЕЛЕПА.
«Бізге келіп түскен Алмарасандағы бұлақтан алынған су ішуге бактериологиялық тұрғыдан жарамсыз деп танылды. Оның құрамында белгіленген нормадан артық зиянды заттар бар. Оны тек қайнатып ғана ішуге болады. Сонда ғана рұқсат етіледі»,- деді Бактериолог, Ирина ХИБУЛАЕВА.
Арнайы мамандар көпшілікке таудағы бұлақ суынан емес, керісінше тұрғын үйлерге тартылған судан ішуге кеңес береді. Себебі, қалаға кететін ауыз суы күн сайын тазартылып отырады әрі сапасына үздіксіз бақылау жүргізіледі. Орталыққа тіршілік нәрінің құрамына күмәнмен қараған 1 айда 60-қа жуық тұрғын хабарласыпты. Былтыр бұл көрсеткіш 2 есе көп болатын. Айта кетейік, қалаға жіберілетін су Үлкен және Кіші Алматы, Талғар жер асты сияқты бірнеше көзге жалғанған.
«Алматы қаласы бойынша бекітілген су тексеретін нүктелері бар. Сол жерлерден аламыз. Және қаладан су беріледі ғой. Мына Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінен. Су тартатын станцияларымыз бар. Онда да зертханалар орналасқан»,- деді «Бастау» МКК зертхана басшысы, Бейбіт МАТАЕВ.
Лаборатория мамандары мынандай бұлақтардан ағатын суды ішу денсаулыққа зиян деп отыр. Сондықтан тек тазартылғанын ішуге кеңес береді. Егерде оның құрамына күмән келтірсеңіз міндетті түрде тексеруге тапсырған жөн.
Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы