Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қырбалтабай ауылында мешіттегі қайырымдылық жәшігі ұрланды. Қасиетті Рамазан айында мұндай қылмысқа барған күдікті жайлы әзірге мәлімет жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған фактіні облыстық ІІД баспасөз қызметі растады.
«Бүгін сағат 12:00 шамасында Еңбекшіқазақ ауданының ІІБ-не аталған мешіттің әкімшілігі хабарласып, болған жағдай жайлы хабарлады. Қазір оқиға орнына тергеу жедел тобы шығып, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, аталған ведомства өкілдері мешіттегі қайырымдылық жәшігінде қанша ақша болғандығы белгісіз екенін мәлім етті.