Биыл Астана қаласы бойынша оңалту орталығына 23 квота бөлінді

Биыл Астана қаласы бойынша оңалту орталығына 23 квота бөлінді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елорда тұрғыны Мақпал Шынабаеваны қалалық денсаулық сақтау саласының сапасы қынжылтады. Себебі, сал ауруына шалдыққан 6 жастағы баласын 4 жыл бойы мемлекет ұсынған тегін оңалтудан айырып келеді. «Біріне-бірі сілтеген ауруханалар, аз бөлінген квота мен орнынан қозғалмайтын кезек шаршатты», - дейді. Ал, дәрігерлер кінәні өздерінен іздемейді. 

Жүзі күлкіге толы Сағадатқа кішкентайынан сал ауруы деген диагноз қойған. Бірақ, балақай дертке қарамастан, анасымен бірге сабақ оқиды. Керек десеңіз, 200-ге дейін санап береді. 

Анасы Мақпал «баласын жиі оңалту орталығына емдеуге апарса, жағдайы бұдан да жақсы болады», - дейді. Бұл өз ойы емес. Дәрігерлер солай деген. Өкініштісі, соңғы 4 жылда ірі-ірі оңалту орталығына мамандарының көмегінен құр қалып, тек өзі ғана баласына ем-дом жасап келеді. Бұған бітпейтін кезектер, квота санының жетіспеушілігі және де қаржылық жағдайы себеп. Отбасында жеке үй жоқ, жалдап тұрады, кейде ішер асттың болмай қалатынын жасырмайды.

«Мәселен, 2013 жылы мүгедектік алдым ба?! Кезекке тұрдым ба? Төрт жылдың ішінде бірде-бір рет жиі оңалту орталығына жібермеді. Тек дәрігерлермен айғайласып, шуласып жүріп. Мына «Болашаққа» барып жатып келдім. Дәрігерлер «кезегіңді күтесіз», - деді. Тура осылай айтты», - деді Сағадаттың анасы Мақпал ШЫНАБАЕВА.

Қазір Астананың өзінде 900-ден артық сал ауруына шалдыққан балақайлар бар. Бірінің ата-анасы жағдайды нақты түсініп, ұсынылған жаңашылдықтар мен мүмкіндіктерді пайдалана алса, кейбірі атүсті қарайды. Түсінбейді. Кезектерін жіберіп алады дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының маманы.

«Біз кезек жағдайын жіті қадағалаймыз. Ауруханаларға алдын ала емделетін тізімді тапсырыңдар дейміз. Емханаларға жасына қарай бөлеміз. Мысалы, бір жерде 6 жастағы балаларға квота ашылса, тек сол жастағылар белгілі бір мекемеге жіберіледі. Ал, екінші ауруханаға, тек 5-ке толғандарды. Кейде осыны ата-аналар түсінбейді», - деді Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле МҰҚЫШЕВА.

Басқарма басшысы бұндай олқылықтың алдын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған сал ауруына шалдыққандарға арналған, ақпаратқа толы порталдан бөлек, енді І арнайы сайт ашылатынын айтты. Онда тізім ашық түрде жарияланып, оңтайландырылады. Ал, осы айда Астана қаласы бойынша оңалту орталығына 23 квота бөлініпті.

Нұржан Сәдірбай, Олжасбек  Мәденов, «Алматы» арнасы Астана


 

Новости партнеров