«Ақбұлақ» ықшамауданының тұрғындары 13 жылдан бері жол азабын тартып келеді

«Ақбұлақ» ықшамауданының тұрғындары 13 жылдан бері жол азабын тартып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Батпаққа белуардан баттық. «Ақбұлақ» ықшамауданының тұрғындары 13 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Олар жауын жауса, иіген топырақ жүруге мұрша бермейді, дейді. Көлік біткен тұралап қалады. Одан қалды, суағардың жөнді салынбауынан лай су аулаларға тегіс жайылып, тұрғындарды зәрезап қылады. Бұл түйіткілден аудан атқамінерлері хабардар. Алайда, қажетті қаржының жоқтығынан  қол қусырумен келеді олар.                        

Жұрттың жан ұшыра жағдаят айтқаны жайдан емес. Олар 13 жылдан бері тас жолдың жоқтығынан жүдеуленіп, жүнжіп кеткен. Жауын жауса, балақтан асырып су кешеді. Аула біткен шайылады. Еккен бақтан батпақ қана қалады. Бұқараның бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірақ оңалған істі көрмей келеді.                                      

«Жауын жауатын болса, біздің суымыз ағысқа қарай ақпайды. Мына жақта ылдида тұрғын үйлерге қарай ағады. Сөйтеді де үйлерді су басады. Пешіне дейін, үйінің ішіне дейін», - деді қала тұрғыны Рахима ТҰРҒАНБЕКОВА.

Лай судың сапырылып жататын жөні бар. Алматыға сел төнгенде, бұл аумақ та зардап шеккен. Содан құтқарушылар келіп, уақытша амалдапты. Олар ағын су көшелерге жайылмасын деп, құмнан мынадай бөгеттер тұрғызған. Кейін арық жасауға қамданады. Сорақысы сол - қам қылғандардың барлық қарекеті еш кеткен.              

Былтырғы нөсер суы белуардан келген соң, төтеншеліктер мынадай бөген салыпты. Оны төңіректегі үйлерді су шайып кетпеуі үшін тұрғызған. Кейін арық жүйесін қалыпқа келтіруді мақсат еткен. Алайда, көп күттірген суағар сол күйі жөнді жүргізілмейді. Салдарынан, жоғарыдан аққан су тап осы орынға келіп, көл болып жиналады. Ізінше, борсып, маңайға қолаңса иіс тегіс жайылады. Кесірінен, тұрғындар өз балаларын мына бөбекжайға алып келуден қалған. Өйткені, аумақта аяқ алып жүру мүмкін емес.     

Суағардың жоқтығын аудан тұрғындары жергілікті әкімдік өкілдеріне осыдан 6 жыл бұрын айтқан. Іс созбақталып, тек 2015 жылы ғана арық жүйесі жаңадан салынады. Онысы да кәдеге аспайды. Өйткені, қазылған суағарлар талапқа еш сай келмейді. Жоғарыдан аққан су көшенің төменгі бөлігіне келіп тығылып, көлшікке айналады.     

«Бұл Нүрпейісовтен шығып, Ақбота көшесіне бұрып әкелді де, Талдыаралға келіп түсірді. Мына жердің іші қоқыстан көрінбейді», - деді  қала тұрғыны Нұргүл НҰРЫМБЕТОВА.

Батпаққа шыланған жолмен көлік біткен жүре алмайды. Ол тұрмақ, жаяу адамның адым басуы мұң мұнда. Кейбір ата-ана тіпті өз балаларын нөсер жауса мектепке жіберуден қалған. Өйткені, азаптанып жүргендерін қаламайды оқушылардың.   

«Бала-шағам кейде сабаққа да бармайды. Жауын жауған күні біз сабаққа жібермейміз. Апайына звондап айтамыз, бүгін бара алмаймыз мектепке, бізді су алып жатыр деп. Мына жерден келеді су деген», - деді  қала тұрғыны Саламат САРЫНБЕКОВА.

«Ақбұлақ» ықшам ауданынында тас жол төселмеген ұзын-ырғасы 13 көше бар. Бұқара жыл сайын жергілікті билік өкілдеріне хат жазумен келеді. Алайда, атқамінерлерден мардымды жауап ала алмайды. Әкімшілікке барғанымызда жауаптылар мәсенің мән-жайын түсіндірді. Айтуларынша, олар қордаланған бұл мәселеден хабардар. Тек жол саларға қаражат таппай отыр.   

«Біздің әкімдік қала басшылығына ұсыныс жасаған. Жобалақ-сметалық құжаттарды әзірлеп, табиғатты қорғау басқармасына жолдадық. Енді қажетті қаржының бөлінгенін күтіп отырмыз. Ақша берілсе, шамамен 570 метр арық жүйесі салынады. Оған 155 млн теңге қаражат керек. Суағар салынып біткен соң, тас жол төселеді», - деді Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Нүсіп АХМЕТОСПАН.

¤Ақшаның әзірге қашан бөлінері белгісіз. Сондықтан тұрғындардың атқамінерлерден ақжолтай ақпар күтуден басқа амалдары жоқ. Олар жауын жауса, жандарын шүберекке түйіп, жүре бермек.

 

Дастан Сейілханұлы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров