«Көк Жайлауда» қонақ үйлер мен тамақтанатын орындар салынбайды

«Көк Жайлауда» қонақ үйлер мен тамақтанатын орындар салынбайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы қоғам белсенділерімен бірге «Көк Жайлау» тау-шаңғы курортының өзгертілген техникалық негіздемесін алғаш рет талқыға салды. Жобаның жаңа техникалық-экономикалық негіздемесіне сүйенген басқарма басшысы келешек демалыс орны жыл 12 ай жұмыс істейтінін мәлімдеді.

«Басында бастаған жоба - бұл халықаралық үлкен деңгейдегі тау-шаңғы курорты болатын. Қазіргі параметріміз бойынша бұл қалалық және қала тұрғындарына арналған қысқы курорт қана емес, жыл он екі ай, әсіресе балаларға арналған курорт болып жаңа параметрге қол қойдық», - деді    Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы  Ерлан ЖАЙЛАУБАЙ.

Жоба авторлары «Көк Жайлауда» қонақ үйлер мен тамақтанатын орындардың салынбайтынын жеткізді. Ал мұндай курортты ашу туризмді дамытуға септігін тигізеді деп сендірді. Демалыс орнында күніне 4 мың адам демалады деп күтілуде.

«Көк Жайлау» ең алдымен қала тұрғындарына арналады. Онда «Шымбұлақ» секілді қиын жолдар немесе кедергілер болмайды. Сонымен қатар, демалыс орны балаларға арналмақ. Яғни, шаңғыға енді тұрғандар машықтанатын жер болмақ. Қысқаша қайырғанда, әлеуметтік жоба деп айтуымызға болады. Қазір техника-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Жаздың ортасында тағы да қоғам белсенділерімен кездесіп, соңғы шешімді сонда айтатын боламыз», - деді «Almaty Mountain Resorts» ЖШС директоры Наиль НҰРОВ.

Жиында қоғам белсенділері де өз ойларымен бөлісіп, өзгертілген техникалық негіздемеге қатысты пікірлерін білдірді. Сонымен қатар,  олар құрылыс кезінде экологияға зияны тимесе екен, дейді. Ағаштардың кесілмеуін қадағалау қажет екенін жеткізді.

«Бүгінгі жиында көп ұсыныстар айтылды. Нұров мырза жазда қоғамдық кеңес тағы өткізіп, сол кезде техника-экономикалық негіздемені белсенділермен бірге қабылдаймыз, дейді. Бұл бізді қуантып отыр», - деді «Көк Жайлау» белсендісі Ажар ЖАНДОСОВА.


Новости партнеров