«Оңай» картасы жоқ жолаушыларға енді қоғамдық көліктермен жүру қиынға соғады. Бүгіннен бастап қалада қолма-қол төлем ақысы бірден 150 теңгеге қымбаттады. Әртараптандырылған тариф бойынша электрондық картасы жоқ жолаушылар жол ақысына 2 есе шығындалса, "Оңай" картасымен есеп айырысатын жолаушылар бұрынғыша 80 теңге төлейді. Бұл жаңашылдық - жолаушылардың электронды төлем жүйесіне жаппай көшуіне түрткі болады-мыс. Сөйтіп, жауаптылар көлеңкелі бизнеспен мықтап күреспек. Жаңа тариф қаладағы қоғамдық көліктердің барлығына бірдей бекітіледі. Тек, метрода ғана жол жүру құны өзгеріссіз қалады.
«25 шілдемен салыстырғанда 28 пайызға жолаушылардың саны өсті. 48 пайызға Оңай системасы арқылы төленетін төлемдердің көлемі өсті. Егер 25 шілде күні 1 күнде 26 млн теңге жиналған болса, бүгін сағат 2-нің өзінде 23 млнннан астам ақша жиналды. Бұл дегеніміз кешке дейін біз екі есе көп ақша жинаймызба деген ойымыз бар»,- деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.
Қалада енгізілген жаңашылдықтан тұрғындардың көпшілігі бейхабар екен. Олар жаппай тексеріске шыққан адамдарды көргенде абдырап қалды. Қаланың 8 аялдамасында полицейлер бастаған тексерушілер тобы жол ақысын төлеуден жалтарғандар мен билет таратпаған жүргізушілерді тезге салды. Кейбіріне тіпті хаттама салып, айыппұл арқалатты. Айта кетсек, қоғамдық көлікте билетсіз жүрген жолаушыларға 4 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Ал, жолаушыларға билет бермеген жүргізушілер 5 айлық көлемінде айыппұл арқалайды. Жауаптылар жол ақысын төлеуден бұқпантайлап жүретіндерді аулауын ай соңына дейін жалғастырмақ.