Қытайдан Қазақстанға көшкен қандастарымыз биліктен араша күтеді

Қытайдан Қазақстанға көшкен қандастарымыз биліктен араша күтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қытайда қандастарымыздың жаппай түрмеге қамалуы жайлы Сыртқы істер министрі мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, жағдай бақылауда көрінеді. Есте болса, оралмандар аспан асты елінің билігі тарапынан қысым көрсетіліп, себепсіз сотталып жатқандарын айтқан еді. Қазірдің өзінде тізім жасақталып, 31 адамның 10-нан 13 жыл аралығында істі болғаны белгілі болды. Бауырларымыздың басым бөлігі Қазақстанға көшпекші болғаны, не болмаса туыстарымен етене жақын араласқаны үшін бастары бәлеге қалған.

Қытайдан Қазақстанға көшкен қандастарымыз биліктен араша күтеді. Өйткені, оралмандар көршілес мемлекет тарапынан қысым көргенін жасырмай айтып отыр. Айтуларынша, Қытай Халық Республикасында тұратын туыстарына хабарласудан қорқып қалған. Тіпті, қамауға түскен азаматтардың осындағы ағайын-туғандары да ақпаратқа жарымай отыр. Өйткені, оларға аспан асты елі түрлі себеппен құжат беруден бас тартып келеді. Ал шекарадан асқандар елге қайтпай қалған жағдайдар жиі орын алыпты.  

«Қазақстанға көшпек болғаны үшін БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларациясында дүниежүзі халқына ұсынылған адам құқықтары нормалары шеңберіндегі дүниелер. Сол үшін қуғандауға ұшырап отыр», - деді саясаттанушы Марат ТОҚАШБАЕВ.

Жазықсыз сотталғандардың тізімінде әзірге 31 адам тіркелген. Бірақ істі болғандардың туыстары бұл сан одан да көп болуы мүмкін, дейді. Түрмеге қамалғандардың туыстары Қытай тарапынан ешқандай түсініктеме айтылып, қосымша ақпарат берілмегенін, дейді.

«Менің жолдасым 13 жылға Қазақстан тыңшысы деп сотталған. Міне 13 жылын бітіріп, осы қыркүйек айының 10-ы күні жазасын бітіріп, түрмеден шыққан. Енді оны еш  туыстарына, жаңағы жақындарына көрсетпей, оны қайтадан бір жылға қамап отыр. Не үшін деген сұрақ келеді. Қытайға да арыздандым. Қазақстанға да. Осы екі мемлекетте менің бармаған жерім қалған жоқ», - деді Фарида ҚАБЫЛБЕК.

«Әпкем хабарласты 10 жылға сотталғанын айтты. Енді ары қарай біз не себепті сотталды дегенде, ол кісі өз басына пәлеге қалатынын айтып, бізге ол жағын ашып айтпады. Сомен әкем әлі түрде жатыр», - деді Жарқынбек ЖҰМАДАН.

Бүгінгі таңда Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданында шамамен 2 млн қазақ тұрады. Оралмандардың айтуынша, олар осы уақытқа дейін қазақ тілінде мектеп оқып келген. Салт-дәстүрін сақтаған. Бірақ осы жылдың көктем айынан бері бәрі түбегейлі өзгеріпті.

«Қытайдың өз ішінде қазақты өте қарқынды түрде қытайландыру саясаты. Қазақ мектептерінің қытайландыру мәселесі. Қазақ дәстүрін мейлінше жою немесе шектеу мәселесі. Діни, ар-ождан, мәселелеріне қысым жасау, бұл енді айтылып өткендей тек қана халықаралық адам құқықтарын бұзу болып табылмайды», - деді саясаттанушы Расул ЖҰМАЛЫ.

«Осы жуырда өткен қазақтардың Астанадағы құрылтайы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Сыртқы істер министрлігіне, басқа тиісті ведомостваларға нақты тапсырма берген осындай мәселелер көтерілсе, оларды Қытай тарапымен егжей-тегжей екі жақты түрде қарастыру туралы. Бізге ресми түрде мәлімет түссе біз міндетті түрде Қытай тарапымен өздерінің Сыртқы істер министрлігі немесе басқа мекемелеріндегі жаңағы әріптестерімізбен көтереміз. Өзіміздің қазақ диаспарының осы шетелдегі жаңағы мүдделерін, олардың құқықтарын қорғау бұл біздің тікелей міндетіміз», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.

Бұл ақпарат жайлы еліміздің Сыртқы істер министрлігі білетін болып шықты. Әзірге, азаматтардан ешқандай арыз немесе басқа да құжаттардың келмегенін айтады. Ал мәселе туындаса, тиісті ведомоства шұғыл іске кіріседі деп отыр.

Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров