Күләш Байсейітова атындағы мектептің 10 ұстазына арнайы төсбелгілер табысталды

Күләш Байсейітова атындағы мектептің 10 ұстазына арнайы төсбелгілер табысталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектепке 70 жыл толды. Осыған орай, білім ошағының оқушылары мерейтойға арнап концерт өткізді. Талай саңлақтар шыққан өнер ордасын 2 мыңнан астам бала бітірген. Оның мың жарымдайы түрлі халықаралық деңгейдегі конкурстардың жеңімпаздары атанған.

70 жылдық тарихы бар білім беру мекемесінен аттары әлемге әйгілі композиторлар, даңқы дүниежүзіне танылған дирижерлер және мемлекеттік дәрежедегі қызметкерлер түлеп ұшқан. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздарды тәрбиелеген өнер ордасының мерейтойымен қос министрлік құттықтап, 10 ұстазға «Білім беру ісінің үздігі» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілелерін табыстады.

«Қазақстан музыка мәдениетінің дамуы мен өркендеуіне қосқан сіздердің үлестеріңіз орасан зор. Шығармашылық және кәсіби шеберлігі өте жоғары деңгейдегі әйгілі педагогикалық ұжым жас дарынды музыканттарды даярлау жолында үлкен жетістіктерге жетті»,-деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.

Мерекелік концертте мектептің эстрада-симфониялық және қазақ халық аспаптар оркестрі, ансамбльдер мен оқушылар хоры өнер көрсетті. Осылайша бас-аяғы 300-ден астам бала түрлі аспаптардың құлағында ойнайтындықтарын көп алдында дәлелдеді.

Мектеп түлектерінің арасында есімі елге танылып қалған музыканттар да бар. Олардың өнер жолында ер жетуіне Күләш Байсейітова атындағы мектептің зор ықпалы тиген. Олар дәл осы білім беру мекемесін бітіргендерін мақтан тұтады.

«Кішігірім мектеп үлкен өмірге деген көптеген сабақтарын біліп беріп және де менің ойымша осы Байсейітов мектебінде мен оқымасам мен мүмкін мүлде сахнаға шықпас едім. Дегенмен бірінші мамандық бойынша классикалық пианистпін. Пианист болмасам да, барлық музыкалық білім және  музыкалық сауаттылық дегенде оның бәрін тек қана сол мектепте береді деп ойлаймын»,-деді әнші Әли ОҚАПОВ.

«Бұл мектеп менің, қиын аспап саналатын, скрипкада кәсіби деңгейде ойнауыма өз үлесін қосты. Еліміздің музыка саласын дамыту үшін аянбай еңбек етіп жүрген қайраткерлер оқытқан, өмірлік сабақ берген білім ордасы ары қарай өркендей берсін!»,-деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә СЕРКЕБАЕВА.

1948 жылы ашылған үш тілде білім беретін музыка мектебі 480 оқушыға шақталыпты. Ал еліміздің әр өңірінен арман қуып келетін жеткіншектерге оқу ордасы жанынан 110 орындық интернат қарастырылған. Білімі мен музыкаға ерекше қабілеті бар дарынды балаларға 187 педагог дәріс береді.

«Әрбір дарынды бала біз үшін алтын шығатын жер, мұнай шығатын жер мемлекетке қандай байлық болса, дарынды бала да сондай деңгейде біздің еліміздің байлығы. Ұжымымызда білікті мамандар қызмет істейді мына дарынды балалармен. Дарынды балаларды оқыту өте жауапты. Өмірге дарынды болып келген баланы оқыту, оны қалыптастыру өте жауапты жұмыс»,-деді Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған РММОМИ РММ директоры Оқан АБДУЛЛАЕВ.

 Айта кетейік, енді жуық арада мектепке қарама-қарсы беттен Біріккен Ұлттар Ұйымының хабы ашылады. Бұл аты әлемге әйгілі мектеп тұрған ауданды көркейтуге сеп болмақ.


Жадыра Омаржан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров