Шымкенттік қыз-келіншектерге жеңілдетілген несие беріле бастады

Шымкенттік қыз-келіншектерге жеңілдетілген несие беріле бастады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді нәзікжанды кәсіпкерлер 10 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие ала алады, деп хабарлайды otyrar.kz.

Бүгінде Шымкентте ісін ілгерілетіп, кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер көп. Кондитерлік өнімдер өндіріп, ауыл шаруашылығында тер төгіп жүргендер жетерлік. Бұрымды бизнес-бикештер осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктерге ие болып келді.

Жеңілдетілген несиенің жаңа бағдарламасын нәзік жандыларға «Қазақстан Халық Банкі» АҚ ұсынып отыр. Бұл бастама «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Күні кеше сала мамандары күнгейлік ханымдарға жаңа бағдарламаның талаптарын жан жақты түсіндіріп берді.

Несиенің жылдық пайызы небәрі 5 пайызды құрайды. Осы салада нәпақасын айырып жүргендер бұл өте тиімді дейді. «Халық банкі» әйелдер бизнесін, олардың стартап жобаларын, айналым капиталын қаржыландыратын болады.

Өте тиімді шартпен берілгелі отырған несиеге кәсіпкер келіншектер қуанулы болғанымен, әлбетте кепіл мүлкі болуы деген шартқа қиналыңқырап тұрғандарын жасырмайды. Дегенмен әрине алмақтың да салмағы бар. Ертеңгі күні берілген қаржынының қайтарымы болуы тиіс. Сол үшін де бұл қажетті тетік болып табылады.

Жеңілдетілген несиеге жыл соңына дейін кем дегенде 100 адам қол жеткізуі тиіс. Банк өкілдері болса қомақты қаражат кез келген салада жүрген қыз-келіншектерге берілетінін айтып отыр.

Ол үшін кәсібін дамытатын, өндірісімді өрлетемін деген қыз-келіншектер өңірлік Кәсіпкерлер палатасына жүгіне алады. «Халық банктің» қоятын шарттарына сай, қажетті құжаттарын дайындап көмек қолын созады. Мүмкіндікті пайдаланып қалуға әлі де уақыт бар.


Новости партнеров