Ақтөбеде 52 адамның өмірін жалмаған автобустағы өрттің қалай шыққаны белгілі болды

Ақтөбеде 52 адамның өмірін жалмаған автобустағы өрттің қалай шыққаны белгілі болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе облысында өртенген автобус иесінің жолаушы тасымалдауға лицензиясы болмаған. Техникалық байқауда көлікке 2016-жылы жүргізілген екен. Дәл осындай кемшіні көп көліктен өрт шығып, үлкен қайғыға ұшыратты. Бір сәтте от шығып, лаулаған оттан 52 адам жанып кетті.  Қаза тапқандардың барлығы - Өзбекстан азаматтары. Төтенше жайтқа орай, Қазақстан Үкіметі арнайы комиссия құрып, тергеуді бастап кетті.

Ақтөбе облысындағы күре жолда болған қайғылы жайт көптің жағасын ұстатты. Адам толы автобусты аяқасты жалын жалмап, 52 адам ажал құшты.  Дәл қазір оқиға орнында тергеушілер мен арнайы комиссия жұмысқа кірісті. Айта кетейік, Қазақстанда үкіметтік деңгейде комиссия құрылды. Оқиға бүгін таңертең, Астана уақытымен, 10.30-да «Самара-Шымкент» тас жолында болды.  Төтенше жағдайлар комитетінің ресми дерегінше, жолаушылар автобусынан жүріп келе жатқан жолда от шыққан. Оқиғаның әрі қарай қалай өрбігені әлі белгісіз, бірақ ресми мәліметтерге сүйенсек, көліктегі 57 адамның бесеуі ғана сыртқа шығып үлгірген.

«Бүгін сағат 10.30-да Ырыс ауданының Самара-Шымкент тас жолының 1000/60 шақырымында Икарус автобусында өрт оқиғасы орын алып, төтенше жағдай тіркелген болатын. Алдын ала сандарға байланысты 52 адам қаза тауып, 5 адам тірі қалған. Қазіргі кезде Департаментінің төтенше жағдайы және аудандық барлық құрылымдардың штабы жұмыс істеуде»,-деді Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметкері, Ақтілек КЕҢЕС.

Белгілі болғандай, қаза тапқандардың барлығы - Өзбекстаннан Ресейге аттанған еңбек мигранттары.  Ресейдің Қазан қаласына жету үшін олар Шымкенттен, қазақстандық автобусты жалдаған. Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің пайымынша, өрт сымдардың қысқа тұйықталуынан шыққан. Тағы бір болжам бойынша, уақыт жоғалтпас үшін артығымен тиелген жанар-жағармайдан жалын үдей түскен. Немесе автобустың қайта жабдықталуынан да өрт шығуы мүмкін дейді. Тағы бір мүмкін нұсқа бойынша: өрт кезінде автобустан тек көлік жүргізушілері қашып үлгеріп, жанын аман алып қалам деген 52 жолаушы артқы есікке жүгірген, бірақ ол жабық болып, тірілей жанып кеткен. Оқиғаның мән-жайын енді тергеушілер анықтайды. Апат бойынша іс қозғалғанын айта кетейін. Аман қалған бес адамның екеуі - Қазақстан азаматтары екені белгілі. Жорамал бойынша, олар көлік жүргізушісі мен көмекшісі. Жүргізушісі 1989 жылғы азамат. Түсте Инвестициялар және даму министрлігі өртенген автобус туралы анықтама таратты. Соған сүйенсек, көлік иесінің халықаралық тасымал орындауға рұқсаты жоқ екен.  Ал жүргізуші - жалдамалы жұмыскер болып шықты. Көліктің өзі де жарамсыз екен. Соңғы рет техникалық байқаудан екі жыл бұрын өткен. Өкінішке орай, осындай жауапсыздық 52 адамның өмірін жалмады. 

«Ақтөбе облысында болған жағдайға байланысты жапа шеккендер мен қаза болған адамдардың отбасына көмек көрсету үшін Үкіметте ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия құрамында Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, Инвестиция және даму вице-министрі Роман Скляр, Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры Ардақ Мәдиев, құқық қорғау органдарының өкілдері бар»,-деді ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры, Алмас САДУБАЕВ.

Жаңа айтып өткенімдей, қазір автобустың өртену дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі, яғни «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша іс қозғалған. Тірі қалған жолаушыларға құтқарушылар медициналық көмек көрсетіп, Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізіпті. Жапа шеккен де, куә де солар. Апатқа байланысты Өзбекстан үкіметі де арнайы комиссия құрды. Оны осы елдің Премьер-Министрі басқарады. Өзбекстан тарапынан құтқару қызметінің арнайы тобы да жолға шықты деген ақпарат бар. Бізбен телефон арқылы байланысқан Өзбекстанның еліміздегі бас консулы да Ақтөбе облысына шұғыл аттанғанын айтты. Тағы бір айта кетер жайт, Өзбекстанның сыртқы еңбек миграциясы агенттігінің маманы Спутник Қазақстан агенттігіне берген түсініктемесінде, қаза тапқан азаматтар «заңсыз мигранттар» деген болжам жасады. Шетелге заңды жолмен жұмысқа аттанатындарға өзбек тарапы автобуспен жолға шығуға тыйым салады екен. Айта кетейік, Самара-Шымкент тасжолындағы бұл алғашқы қайғылы жағдай емес. Бұдан жеті ай алдын Әйтеке би ауданында автобус аударылып, 9 Өзбекстан азаматы қайтыс болған еді.  Бүгінгі оқиғадан кейін Қазақстан мен Өзбекстанда бірден қауырт желі іске қосылып, қаза тапқандардың отбасыларына қоңырау қабылдай бастады. Психологиялық қолдау көрсетіп, басу да айтуға тырысып жатыр. 


Новости партнеров