Алматы әкімінің ескертуінен кейін жылу құбырларын ауыстырып жатқан компания жұмысты жылдамдатқан

Алматы әкімінің ескертуінен кейін жылу құбырларын ауыстырып жатқан  компания жұмысты жылдамдатқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шабан жұмыс шабдар тартты. Алматы әкімінің ескертуінен кейін, Асқаров пен Сайын көшелерінде жылу құбырларын ауыстырып жатқан мердігер компания жұмысқа қарқын қосқан. Олар қосымша жұмысшылар алып, білек сыбана еңбек етуде.    

Асқаров көшесіндегі құрылысшылар жұмысқа қызу кіріскен. Өйткені, олар алдағы күзге дейін 3 жарым шақырым жылу құбырын ауыстырып үлгеруі керек. Қазір оның тек жартысы ғана жаңаланған.                          

«Салынатын 3,5 шақырым құбыр жолының 2 шақырымы аяқталды. Ал мына жердегі жұмыстар екі есе қарқынмен жүріп жатыр. Яғни жұмысшылар берілген жоспарды уақытынан ерте бітіруде. Мердігер шамамен қыркүйек айының ортасына қарай, яғни жылу беру кезеңіне дейін бітіреміз деп отыр», - деді Жылу энергокешен және тұрғын үй коммуналды шаруашылық мекемелерінің ресми өкілі Ян ГИРИН.

Қазір мұнда бетон арнасы орнатылып жатыр. Кейін үстіне су құбыры киіледі. Жұмыстың желдеуіне қала басшысы Бауыржан Байбектің ескертуі түрткі болған. Әкімнің сынынан кейін мердігерлер жұмысшылар санын көбейтіпті.    

«Қазір бізде 90-ға жуық құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Енді жұмысшылар санын тағы да көбейтуді жоспарлап отырмыз. Себебі нысанды өз уақытынан ертерек өткізу көзделген», - деді «Титан Север» ЖШС өкілі Руслан КАИПОВ.

Аталмыш су желілері толықтай орналастырылса, тұрғындарға су беру механизмі оңтайлы болмақ. Себебі мұнда 630 диаметрлік болат құбырдан өзге тағы 530 диаметрлі қосалқы құбыр орнатылады. Бұл өз кезегінде судың арындап ағуына және үзіліссіз берілуіне септеседі.  

«Жыл сайын су тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан біз халыққа суды үздіксіз әрі сапалы беру үшін қазірден бастап ойластырдық. Қазір мұнда екі құбыр орнатылып жатыр. Құбырлар айналма түрде орналасқан, яғни қаладағы үш ауданда орналасқан сорғыш бекеттерге жалғанады. Егер бір бекет істен шығып қалатын жағдай болса, онда су екінші бекет арқылы беріледі», - деді  «Су желісі» МКК маманы Мәлік ҚОЙГЕЛДИНОВ.

Құрылыс жұмыстары жүріп жатса да, тұрғындарға суық су беру үзілмепті. Жалпы құбыр жүргізу жобасына 593 миллион теңге қаржы бөлініп, оның 390 миллионы игерілген.

Назкен Байтілес, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров