Алматыда қоқыс сұрыптайтын зауыт келер жылы іске қосылмақ

Алматыда қоқыс сұрыптайтын зауыт келер жылы іске қосылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұрмыстық қалдықтар қайта өңделмек. Қоқыс сұрыптайтын зауыт келер жылы іске қосылады. Кәсіпорыннан жергілікті қазынаға жыл сайын 300 миллион теңге салық түспек. Мамандар зауыттан күлімсі иістің шықпайтынына сенімді.

Дәл осы жерде қатты қоқысты сұрыптайтын зауыттың құрылысы басталды. Алматы қаласынан жылына 550 мың тонна шығатын қоқыс осы жерде рет-ретімен бөлініп, өңдеуге өзге кәсіпорындарға жіберіледі. Мамандар экологиялық жағынан ешқандай кедергінің болмайтындығын алға тартады. Есесіне, мұнда 600 адамға жұмыс орны табылмақ.

«Сұрыптау жұмыстары: шыны, пластик, металл, қатты және жұмсақ қағаздары жеке-жеке бөліп реттейді. Қайта өңдеуге жарамсыздарын полигонға апарып көміп тастайды. Мұндай кешеннің іске қосылуы Алматыдағы экологиялық жағдайды да  біршама жақсартады», - деді кәсіпорын директоры Дмитрий ДАНИЛЬЧЕНКО.

Алматыдан шыққан қоқыс тек арнайы полигондарға әкелініп тасталынады. Бұл тәсіл 27 жылдан бері осылай жалғасып келеді. Келесі жылдың маусым айынан бастап қатты қоқыстар сұрыпталып, жарамдылары қайта өңделмек. Оған қоса, кәсіпорын  қала бюджетін де толықтырып отырады. Бір жылда бас-аяғы 300 миллион теңге көлемінде салық өндіру жоспарланыпты. Ескере кетерлігі, кәсіпорын басшысы Алатау ауданына жақын орналасқан зауыттың іргелес жатқан шағын аудандарға қолқаңды қабатын иісі тіпті бармайды деп сендірді.  

«Біз Алматы қаласының тарихында өте маңызды іс-шараның басында тұрмыз.  Алматы қаласының экологиясының ахуалын дұрыстау мақсатында, әлеуметтік экономикалық көрсеткішін дұрыстау мақсатында іс-шараның маңызы өте зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет  Алматы қаласының экологиялық ахуалын дұрыстау туралы мәселені көтеріп, нақты тапсырмалар қойған», - деді  қала әкімінің орынбасары Сұлтанбек МӘКЕЖАНОВ.

Ескере кетерлігі, жаңа жобаның қаржыландыру жағын кәсіпкер толыққанды өз мойнына алған. 5 миллиард теңге капиталды бизнес өкілі ары кетсе 7 жылда шығарып алатынан сенімді. Болашақта бұл зауыттың жанынан қоқысты өңдейтін кәсіпорын да бой көтермек.

Әйкерім Ердәулетқызы, Әрсен сандыбаев, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров