Астанада 40 жастағы әке екі баласымен көлік жуу орталығында күнелтуде

Астанада 40 жастағы әке екі баласымен көлік жуу орталығында күнелтуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шарасыз күй кешкен отбасы. Астанада 40 жастағы әке екі баласымен көлік жуу орталығында күнелтуде. Безбүйрек ана отбасын бірнеше жыл бұрын тастап кеткен, тіпті заңды түрде ажырасқан. Тобықтан су кешкен отбасына көмектесуге дайын жандар да бар.

Анасын толық білмесе де Ақниет Орынғалидің оған деген өкпесі қара қазандай. Өңмеңін өксік жұмалаған жеткіншек, қарындасы екеуін шімірікпестен тастап кеткен анасының орнын қазір әкелері басқан.

«Біздің бұл жерде тұрып жатқанымызға 2 жыл болды. Суық, қыста сыз тартады. Содан болар, көп ауырамыз. Әкеме көмектесем. Негізі бұл күту бөлмесі болатын. Қазір біздің баспанамыз», - деді Ақниет ОРЫНҒАЛИ.

40 жастағы Исатай Таумашев басындағы қиындығына қарамастан, келешектен күтері көп. Алақандай жерде жиһаз жоқ болғандықтан, заттар осылайша шашылып жатыр. Жаман әдеттен ада жалғызбасты әке таң атқаннан, күн батқанда дейін осында көлік жуып ақша табады. Сондағы күніне алатыны 3000 теңге.

«Еден кафельмен қапталғаннан кейін, бөлме суық, әрі жиі көгеріп кетеді. Мен күн шықса болды, заттарды сыртқа шығарып кептіремін. Бәрінен бұрын балаларым үшін алаңдаймын. Ауырып қалса, оларды емдетуге шамам жоқ», - деді қала тұрғыны Исатай ТАУМАШЕВ.

Жалғызбасты әке осыған дейін құзырлы орындарға бірнеше рет жүгініпті. Бірақ әзірге жауап жоқ. Десек те, өткен күндері дағдарыс орталығы хабарласып, уақытша үй-жаймен қамтамасыз етуге дайын екендіктерін айтқан.  

«Менің арманым - балаларымды аяққа тұрғызғым келеді. Ел қатарлы оқыса, менің басқа арманым болмас еді. Басты мәселе қазір баспана болып отыр. Басымызда шатырымыз болса, қалғаны өз орнымен», - деді қала тұрғыны Исатай ТАУМАШЕВ.

Азамат Әуезхан, Айтжан Отызбаев, «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров