Теңселген теңге тағы әлсіреді

Теңселген теңге тағы әлсіреді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Теңселген теңге тағы әлсіреді. Алматыдағы айырбастау орындарында көк қағаз кешегіден 10 теңгеге қымбат сатылды. Тіпті, бірнеше пунктерде 442 теңгеге теңескен. Орта есеппен 14 теңгенің айналасында айналшықтаған. АҚШ валютасы қандай бағамды көрсетуі мүмкін?

Көк қағаз құны қайта көтерілді. Алматы қаласының айырбастау пунктерінде 1 доллардың сатылу құны 442 теңгеге дейін жетті. Ал сатып алу бағасы 335 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш кешегі күнмен салыстырғанда 14 теңгеге қымбат. Сарапшылардың сөзінше, доллар әлі теңгені әлсіретеді. Көк қағаз құнының тұрақсыздығы ел экономикасының реттелуіне кері әсер тигізеді. Экономистер жыл соңына дейін  Ресей рублінің 10 пайызға құлдырауы мүмкін дегенді алға тартады. Көрші мемлекеттегі өзгеріс бізге де әсер етпей қоймайтыны сөзсіз.

«Теңгені ұстап тұру үшін ұлттық банктен қосымша қаражат бөлген тиімсіз. Бірақ басты қаржы құрылымы ұлттық валютаның кенеттен тез құлдырауына жол бермейді деп ойлаймын. Теңгеге  екі фактор әсер етеді. Бірі - мұнай бағасы болса, екіншісі Ресей рублі. Кешеден бері қара алтын құны 3 пайызға төмендеді», - деді инвестициялық компанияның сарапшысы Серік ҚОЗЫБАЕВ.

АҚШ валютасына деген сұраныс қарқынды. Есеп-қисапты шемішкедей шағатындар қор биржасынан көк қағазды алдын-ала көптеп сатып алуда. Мәселен, бүгінгі сауда-саттық  көлемі  495 миллион теңгеге жетіпті.  

«Kase қор биржасында доллардың сауда-саттық көлемі кешегі күнмен салыстырғанда бүгін 3 есе өсіп, 494 миллион АҚШ долларын құрады. Алғашқы келісім шарт  329,15 теңгеден басталып, 336,41 теңгемен жабылды», - деді «Қазақстан қор биржасы» АҚ маманы Әділ БУТАЛЕБ.

Ескере кетерлігі, қаланың жүздеген ақша айырбастау орындарында валюта сатып отырған ірі банктің бірі дәл бүгін долларды саудалаудан бас тартқан. Қаржы құрылымының мұндай қадамды не себепті жасағаны ешкімге беймәлім және ол ешкімге есеп те бермейді екен. Бір анығы, бұл банктен пунктердің 95 пайызы қаржы алып отырған. Мамандар көк қағаз құнының көтеруілуіне бұл да бір себеп болды дейді.

«Банктің айырбастау пунктеріне ақша бермеуінен нарықта доллар аз. Бірақ қаржы құрылымы райынан тайып, валютаны қайта сата бастаса, бір доллардың құны 337 теңгені құрауы мүмкін. Бірақ 325,327 теңгеге дейін түсуі мүмкін емес», - деді  ақша айырбастау пунктері қауымдастығының президенті Арчин ҒАЛЫМБАЕВ.

«Брент» маркалы мұнайдың бір баррелі 51,5 долларға теңесті. Бюджет кірісінің 70 пайызы мұнайдан түсетінін ескерсек, қара алтын құнының құлдырауы қашанда қуантқан емес. Өйткені, әуелі теңге тербеліп шыға келеді.  

Әйкерім Ердәулетқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров