Алматыға қосылған біраз елді-мекендер 2019-шы жылы ауыз су және кәріз желілерімен қамтамасыз етіледі. Қазір Алатау ауданында қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. 4 жыл бұрын қала құрамына өткен «Рахат» және «Мәдениет» ауылдарындағы маңызды 10 магистралдық көшеге инфрақұрылым тартылады. Ал мамандар жұмыстар күзде аяқталады деп уәде беріп отыр.
Алатау ауданына қарасты «Рахат» және «Мәдениет» елді мекендерінің Алматыға қосылғанына биыл 4-ші жыл. Мұнда 3 мыңға жуық тұрғын, 1300-ден астам үй мен 39 көше бар. Ондағы 10 көше магистралдық саналғандықтан, кәріз бен су желісі дәл сонда тартылып жатыр. Ал одан қалған үйлерге инфрақұрылым тарту оңай болады дейді мамандар. Тұрғындар уақытша қолайсыздыққа ренжімей, қайта түсіністікпен қарауда. Өйткені, шағын аудан Алматы облысына қарап тұрған уақытта жұрт коммуналдық қызметке тарыққан еді.
«Осы ауылда тұрғаныма 43 жыл болды. Міне, 5 жылдан бері Алатау ауданына өттік. Бізге міне, Құдайға шүкір, кәріз жүйесі келіп жатыр. Мен қуаныштымын. Бәріміз қуанып жатырмыз. Балалар да жақсы жұмыс істеп жатыр. Жұмыстарына ертемен келіп, кешкі жақын кетеді», – дейді Күләш ДӘРКЕНБАЕВА.
Қаланың Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы жөндеу жұмыстары кестеден қалмай жүзеге асуда дейді. Жоспар бойынша, халық ортақ коммуналдық жүйеге 2019 жылы қосылады. Ал құбыр жүргізу биыл 31-ші желтоқсанда аяқталуы тиіс.
«Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырмасымен «Рахат», «Мәдениет» ықшамаудандарында орталықтандырылған су және кәріз желілеріне қосылу, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Орталықтандырылған су және кәріз жүйелері 8 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 5,2 шақырым су желісі, 2,9 шақырым кәріз желісі», – деді Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы Сумен және газбен жабдықтау бөлімінің бас маманы Шыңғыс ЖҰМАНБАЕВ.
Коммуналдық қажеттілік қалаға қосылған басқа да шағын аудандарды да қамтиды. Тек басым бөлігінің әлі күнге дейін жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Мамандар шамамен, 200 шақырым болатын су және кәріз желісін Наурызбай, Алатау, Түрксіб, Медеу аудандарындағы қалаға жаңадан өткен елді мекендерде жүргізеді. Бұл жұмыстар небәрі 2 жылда толықтай аяқталмақ.
«Ең үлкен жобалар – Ақсай және Қарағайлы өзендеріндегі су таратқыш, сүзгіш станциялар. Осы жолы барлық жобалар толығымен аяқталып, дайын болғаннан кейін, келесі жылдан бастап құрылыс жұмыстарын іске асыру жоспарланып жатыр», – деді Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы Сумен және газбен қамту бөлімінің басшысы Дәурен ЖАНДЫБАЕВ.
Алматыда былтыр инженерлік желілерді ауыстыру және салу барысында қыруар жұмыс атқарылған. Нәтижесінде 800 шақырым инженерлік желілер, оның ішінде, 313 шақырым су құбыры, 266 шақырым кәріз желісі жаңарыпты.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы