Алматыда биылғы жылы 117 млрд теңге үнемделген

Алматыда биылғы жылы 117 млрд теңге үнемделген
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Алматыда биылғы жылы 117 млрд теңге үнемделген. Қала билігі бюджетті оңтайландыру үшін қос бағытты қатар ұстаныпты. Алғашқысы - жеке инвесторлардың есебінен әлеуметтік нысандарды салуға бағытталған. Осылайша, жыл басынан бері қалада 27 бөбекжай, 4 мектеп, 500 келушіге арналған емхана, 280 балалар және спорт алаңдары қолданысқа берілді. Осының барлығы жеке кәсіпкерлердің көмегімен тұрғызылды. Екінші бағыт - маңызы бар ғимараттардың жобалық сметалық құжаттарына өзгеріс енгізу арқылы қаржы үнемдеуге арналған. Бұл жоба бойынша 60 млрд теңге үнемделіпті.

"Ресурстардың шектеулігі жағдайында барынша әлеуметтік-экономикалық әсер алу үшін тиімді экономикалық шешімдер табу қажет. Бұл үшін көптеген тетіктер және бюджеттік баптар басынан бастап қайта қаралады",- деді Алматы қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы, Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Осы жиында, алматылықтардың шет мемлекеттегі мүліктерін жаппай заңдастырып жатқаны мәлім болды. Қала тұрғындары өзге елдердегі мүліктерін жария етіп, мемлекет қазынасына 6 жарым миллиард теңге пайда түсіріпті. Заңдастырылған нысандардың дені Еуропа елдері мен Түркияда орналасқан. Биылғы жылы алматылықтар 1 млрд 220 млн теңгені жария етіп үлгерген. Бірақ бұл қарқын былтырғы жылмен салыстырғанда біраз бәсеңдеген.

"Алматыдағы мүліктердің дені былтыр жария етілгендіктен, биылғы қарқын аз. Әр ауданда қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар тұрғындардың барлық өтінішін жіті қарауда. Мәселен, осы жылы жалпы соммасы 80,7 млрд теңгені құрайтын нысанның заңдастырылуға келмейтіні анықталды. Сөйтіп, 4 мыңнан аса өтініш өз иелеріне қайтарылды",- деді Алматы қаласы қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, Айнұр ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА.


Новости партнеров